А. Мамин: 2021 жылдың қорытындысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз ету ауылдарда 91,8%-ға және қалаларда 98%-ға жетеді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау қызметтерін қолжетімді ету мәселесі қаралды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев баяндама жасады.

Премьер-Министр Үкіметтің алдына 2025 жылдың соңына дейін халықтың 100%-ын таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті қойылғанын атап өтті. Оның шешімі «Nur Otan» партиясының бағдарламасында және өңірлерді дамыту бойынша қабылданған ұлттық жоба аясында қарастырылған.

Биылғы жылдың қорытындысы бойынша ауылдар 91,8%, қалалар 98% ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қалған 1922 ауылдық елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысы жалғасады.

Үкімет басшысы ауыз сумен қамтамасыз етілу пайызы төмен өңірлерге, әсіресе Қостанай (64,7%), Шығыс Қазақстан (81,4%), Солтүстік Қазақстан (82,1%) және Жамбыл (82,2%) облыстарына келесі жылы көрсеткіштерді орташа республикалық деңгейге жеткізуді тапсырды. Бұл ретте елді мекендердің ішіндегі сумен жабдықтау жобаларын (барлау жұмыстары, ЖСҚ әзірлеу) іске асырудың барлық сатылары топтық су құбырларының инфрақұрылымын жүргізу жоспарларымен үйлестірілуі тиіс.

Әкімдіктерге ауылдарды сумен жабдықтау бойынша ЖСҚ уақытылы әзірлеу жұмысын жандандыру қажет екені айтылды.

Премьер-Министр автоматтандыру деңгейін арттырудың және сумен жабдықтау саласына инновациялық технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті. А. Мамин барлық өңірлерге тарату үшін Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларын мысалға келтірді, онда өндірістік процестерді автоматтандыру және есептеу құралдарын орнату есебінен тұтынушылардың қаражаты едәуір үнемделді, су шығыны мен қызмет көрсету шығындары төмендеді.

Үкімет басшысы орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету және осы жылдың қорытындысы бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Ұлттық экономика министрлігіне индустрия, экология министрліктерімен және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, инвестициялық шығындар, оның ішінде суды пайдаланудың цифрлық технологияларын енгізу қажеттілігін ескере отырып, судың тарифтік саясатын жетілдіру мәселелерін пысықтау тапсырылды.

Индустрия министрлігіне өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, ауылдарды сумен жабдықтау объектілерін салу кезінде бақылауды күшейту шараларын қабылдау және тұтынушылармен кері байланыс функцияларын қоса отырып, елді мекендерді сумен жабдықтаудың интерактивті картасын өзектендіру тапсырылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу