2020 жылдың 8 айында Индустрияландыру картасы бойынша 4,3 мың жаңа жұмыс орны құрылды — ҚР ИИДМ

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Индустрияландыру картасының жобаларын іске асыру барысы туралы баяндады. 

Б. Атамқұлов атап өткендей, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өңірлермен бірлесіп, өнеркәсіптің түрлі секторларын қамтитын Индустрияландыру карталарын жасады, онда облыстардың ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтары ескерілген. Биыл өңірлерде жалпы сомасы 995 млрд теңгені құрайтын 206 жобаны іске қосу жоспарланған, 18 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.

Салалар бойынша ең көп жаңа өндіріс агроөнеркәсіп кешені мен тамақ өнеркәсібінде – 76 жоба, құрылыс материалдары мен машина жасау саласында тиісінше 38 және 19 жобадан. 2020 жылдың 8 айында жалпы сомасы 204 млрд теңгені құрайтын 28 жоба пайдалануға беріліп, 4,3 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Үшінші тоқсанда жалпы сомасы 97 млрд теңгеден асатын 14 жоба іске қосылады деп жоспарланып отыр. Жобалардың негізгі бөлігі (164 жоба) биыл төртінші тоқсанында іске қосылады. Жалпы жобалар кесте бойынша жүзеге асырылуда. Ағымдағы проблемалық мәселелер өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп шешілуде.

Іске қосылатын жобалардың инвестиция көлемі бойынша Қарағанды, Ақтөбе және Алматы облыстары алдыңғы қатарда.

Биыл Қарағанды облысында «Linde Gas» ЖШС компаниясының техникалық газ өндіру бойынша Орталық Азиядағы ең ірі жобасы іске қосылды. Бұдан басқа, 80% өнімі экспортқа бағытталған ферроқорытпа зауытының («Ydd Corporation» ЖШС) 3 пешін іске қосу, сондай-ақ құю өндірісін жаңғырту және кен байыту фабрикасын («Qaz Carbon» ЖШС) салу жоспарланып отыр. Саран моноқаласында автобустың және арнайы техниканың жаңа түрлерін шығару жобасын іске қосу жоспарлануда («QazTehna» ЖШС). Биыл 30 шілдеде  «Аллюр» компаниялар тобы» АҚ мен «Татнефть» ЖАҚ арасында Саран қаласында шина шығаратын зауыт салу туралы келісімге қол қойылды.

«Осы жобаны іске асыру отандық нарықтың қазіргі заманғы шина өніміне қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ автомобиль өндірісін оқшаулауды ұлғайтады. Жаңа өндірістерді іске қосу қаланың дамуына жаңа серпін береді. Нәтижесінде тарихи тау-кен металлургиялы Қарағанды облысы инженерлік-техникалық әлеуетімен бүгінгі таңда еліміздің өңдеу өнеркәсібінің көшбасшысы болып отыр», — деді Б. Атамқұлов.

Өнеркәсіп салаларының ішінде машина жасау саласы жақсы нәтиже көрсетіп отыр, өндіріс көлемі биылғы 8 айда 16,3%-ға өсті. 

Автомобиль жасау секторы 51,8% өсіммен саланың драйвері болып қала береді. 45 мыңға жуық автомобиль шығарылды.

Алматы қаласында қуаты жылына 45 мың бірлікті құрайтын «Hyundai» маркалы («Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС) жеңіл автомобильдер шығаратын зауытты іске қосу отандық автомобиль жасау нарығының қуатын екі есе арттырады.

Бұл жобаны іске асыру шанағын қалыптау және бояумен автомобильдерді ұсақ түйіндік құрастыруға көшуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

2019 жылы 400 мың диск шығарылып, Ресейге экспортталды, жылына 1 млн дискіге дейін шығаратын жобалық қуаттылығы бар.  

Биылдан бастап отандық автоөнеркәсіп («Азиа-Авто» АҚ) және металлургиялық компания («Вектор-Павлодар» ЖШС) арасында автоөнеркәсіпті оқшаулауды ұлғайту үшін автомобиль дискілерін қолдану бойынша кооперация басталды.  

Қостанай облысында ірі машина жасау кластерін қалыптастыру бойынша ауқымды жоба іске қосылады, онда ауыл шаруашылығы техникасы мен автомобильдерге арналған компоненттер шығарылады. Ауданы 38 мың шаршы метр болатын өндірістік кешен биыл желтоқсан айында іске қосылып, келесі көктемде жобалық қуаттылығына шығады. 

Бизнес-инкубатор елде ауыл шаруашылығы техникасы мен автомобиль өндірушілері үшін қажетті 1 мыңнан астам бөлшек мен тораптарды шығару арқылы отандық өндіріс үлесінің өсуіне ықпал етеді әрі жаңа кадрлық құзыреттерді ұлғайтуға әсер етеді. 

Қостанай қаласының өнеркәсіптік аймағында «КамАЗ» қозғалтқыштарына құрамдас бөлшектерін құю өндірісі жолға қойылады. Қазіргі уақытта тиісті инвестициялық келісімге қол қоюға дайындалып, қыркүйек айында құрылысты бастау жоспарлануда.

«Өндірілетін өнімнің 95% экспортқа бағдарланғани және нәтижесінде Ресейді, ТМД-ны, сондай-ақ Daimler AG неміс концернін қамтитын жаһандық құн жасау тізбегіне кіретін болады. Осылайша, өңір аграрлық бағыттан дамудың индустриялық-инновациялық кезеңіне өтеді», — деді министр.

Электротехникалық машина жасау секторында айтарлықтай өзгеріс болды. Биыл отандық аккумуляторлар Италия және Біріккен Араб Әмірліктерінің нарығына шықты. Ал аккумуляторларға ішкі қажеттілік 65%-ға қамтылады. 

«Біз сондай-ақ түрлі салалардағы ел нарығының 65% кабельдік өнімдермен қамтимыз. Кабель-сым өнімдері металлургия саласының 5-ші қайта жасалуы бола отырып, металдарды терең өңдеуді және жоғары шекті қайта бөлу өнімдерін өндіруді қамтамасыз ететінін атап өту қажет. Оған қол жеткізу қажеттілігін Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 1 қыркүйекте өз Жолдауында айтқан болатын», — деді министр.

Трансформаторларға қажеттілік 85%-ға жабылады.

Петропавл қаласында 5-ші трансформатор зауыты («Alageum Electric» ЖШС) іске қосылған кезде жылына тағы 10 мың трансформатор өндірісі қамтамасыз етіледі, бұл трансформаторлар бойынша қажеттіліктің барлық желісін жабуға мүмкіндік береді.

Ішкі нарық электр өлшеу жабдықтарымен 85%-ға қамтамасыз етіледі («Сайман Корпорациясы» ЖШС отандық тауар өндірушілер арасында 95% үлесін алады) және Орталық Азия елдеріне жеткізу әлеуеті бар.     

Бүгінде 33 фармацевтикалық кәсіпорын дәрілік заттардың 922 түрлі өнімін шығарады. Фармацевтика өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 34,1%-ға өсті. Пандемия басталғаннан бері жеке қорғаныс құралдарын шығару көлемі 10 жаңа жобаны іске қосу есебінен 10 есе артты.

Осылайша, бүгінгі таңда отандық кәсіпорындар қайта пайдаланылатын қорғаныш костюмдеріне (айына 504 мың дана) және медициналық перчаткаларға (айына 330 мың дана), сондай-ақ медициналық маскаларға деген ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етуде (күніне 1,2 млн дана).

Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде жоспарланған:

Бірінші. Фармацевтика саласының өндіріс көлемін 2 есеге ұлғайту (92 млрд-тан 184 млрд теңгеге дейін).

Екінші. Дәрілік заттар экспортының көлемін 2 есе $116 млн дейін ұлғайту.

Үшінші. Бір рет пайдаланылатын маскаларды шығаратын кәсіпорындардың өндірістік қуатын тәулігіне 1 млн-нан 2 млн данаға дейін арттыруды қамтамасыз ету.

Төртінші. 2021 жылдың I тоқсанына қарай қорғаныш костюмдері бойынша өндірістік қуаттарды айына 500 мыңнан 1 млн данаға дейін ұлғайтуды қамтамасыз ету

Мемлекет басшысы алға қойған маңызды міндеттердің бірі - тұрғын үй құрылысындағы импортты алмастыру және  қазақстандық қамтуды 90%-ға дейін жеткізу.

Құрылыс нарығының қажеттілігін қамтамасыз ету үшін биыл құны 126 млрд теңгені құрайтын 38 инвестициялық жоба іске қосылады.

Бұл салада 2020 жылдың негізгі жобалары - Нұр-Сұлтан қаласындағы көлемдік-блоктық үй құрылысы зауыты («ModeX Astana» ЖШС), сондай-ақ, құрылыс материалдары өндірісіндегі бірқатар ірі жобалар. Жалпы, құрылыс материалдары өндірісінде жобаларды іске асыру импорт үлесін 15%-ға төмендетуге және тұрғын үй құрылысындағы қазақстандық қамту үлесін 90%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Б. Атамқұловтың айтуынша, ағымдағы жылғы жобалар толық қуатына шыққан кезде олардың өндіріс көлемі $3 млрд-тан асады. Бұл ретте, өндірілген өнімнің төрттен бір бөлігі экспортқа шығарылады, бұл $800 млн жуықты құрайды. 

Моноқалаларда жалпы сомасы 132 млрд теңгені құрайтын 15 жоба іске асырылып, 1 мың тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Ауылдық жерлерде жалпы сомасы 376 млрд теңгені құрайтын 77 жоба іске асырылып, 5,8 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. 

Бұдан басқа, Қазақстанда бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлерін, атап айтқанда жылу бөлгіш құрамаларды, кабель өнімдерінің 7 түрін, карьерлік және жол техникасының жаңа түрлерін, жаңа түрдегі композитті коагулянттарды, газ талдағыштарды, кіші және үлкен диаметрлі қысымсыз темірбетон құбырларды және тыңайтқыштардың жаңа түрлерін шығару жоспарлануда.  

«Индустрияландыру картасы жобаларын табысты іске асыру бізге өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың сапалы жаңа бағыттарына шығуға мүмкіндік береді, ішкі нарықты молықтыру және экспортқа шығару арқылы ұлттық экономиканың өзін-өзі қамтуын қамтамасыз етеді», — деді Б. Атамқұлов.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек индустрияландыру жылдарында 2010 жылдан бастап Индустрияландыру картасы аясында облыста 7,4 мың жұмыс орнын құрумен құны 353,2 млрд теңге болатын 92 жоба іске қосылғанын айтты. 

Жобаларды іске асыру өндіріс көлемін 3,1 есеге, еңбек өнімділігін 1,5 есеге, негізгі капиталға салынған инвестицияларды 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік берді. 

Сонымен қатар болат арқандар, ішкі жану қозғалтқыштарына арналған фильтрлер, бариттік концентраттар, дөңгелек шүмектер, оқшауландырылған құбырлар, отқа төзімді материалдар, ферросилиций,  байыту фабрикаларына арналған диірмендердің резеңке-металл футеровкалары, сортты прокат және тағы басқа жаңа импортты алмастыратын өнім түрлері шығарылды.

«Қазіргі уақытта облыста 13 мың жаңа жұмыс орнын құрумен 2 трлн. теңге сомасына 45 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда, оның ішінде үшінші бесжылдық аясында Картаның 27 жобасы іске асырылуда. Қалған жобаларды Картаға енгізу жұмыстары жүргізілуде», — деді Қарағанды облысының әкімі. 

Ағымдағы жылға келетін болсақ, жоспарланған  12 инвестициялық жобаның 6-ы іске қосылды. 

Олар: 

  • «Долинное» кен орнындағы «Алтын алмас» алтын өндіру фабрикасы, құны 46 млрд теңге;
  • құны 27,5 млрд теңге болатын «Linde Gas» техникалық газ өндірісі. Бұл голландиялық инвесторлардың екінші зауыты, сондай-ақ олар жобаның 3-кезеңін де жүзеге асыруды жоспарлап отыр; 
  • 27,3 млрд теңге инвестицияны құрайтын патрон зауыты; 
  • Қарағанды қаласындағы көтерме-логистикалық орталық, 24 млрд теңге инвестиция тартылып, 2000 жаңа жұмыс орны құрылды; 
  • Ақадыр кентіндегі күн-электр станциясы. Бұл «Solarnet/Goldbek Solar» германиялық инвесторлармен бірлесіп, «ҚазСолар» ЖШС жобасының екінші кезеңін іске асыру болып табылады. 
  • Hitachi Construction Machinery - ірі габаритті техникаға қызмет көрсету орталығы.  

Сондай-ақ жыл соңына дейін тағы 6 жобаны іске қосу жоспарлануда:  

  • құны 12 млрд теңге болатын Qaz Carbon компаниясының құю өндірісін жаңғырту және кен байыту фабрикасын салу;
  • облыстың тау-кен байыту кәсіпорындарына арналған «Polymet Solutions Corporation» диірмендердің резеңке-металл футеровкаларын өндіру; 
  • YDD Corporation ферросилиций өндіретін зауыттың 3-ші пеші, құны 34 млрд теңге; 
  • 10 000 мал басына арналған бордақылау алаңы және 400 басқа арналған сүт-тауар фермасы; 
  • Саран қаласында «Yutong» автобустарын, карьер және жол-құрылыс техникаларын өндіру зауыты, құны 22,1 млрд теңге; 
  • қуаттылығы жылына 3,5 млн шинаны құрайтын автомобиль шиналарының өндірісі.    

Сонымен қатар, индустриялық аймақ пен бизнес-инкубатор (Ready Built Factory) құру жоспарлануда. Индустриялық аймақтың жұмыс істеуі одан әрі шағын және орта бизнесті дамыту үшін, оның ішінде жиынтықтаушы және құрастыру бөлшектерінің базасын құру үшін мүмкіндік береді.

«Аталған жобаларды іске асыру Саран қаласының ғана емес, облыстың да экономикасын дамытудың қосымша катализаторына айналады. Инвестициялар 150 млрд теңгені құрайды. Қаланың өндіріс көлемі 2025 жылға қарай 6 есеге, ал облыстың машина жасау саласының көлемі 2 есеге ұлғаяды. Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру моноқалаға мультипликативтік әсер беріп, халықтың өмір сүру жағдайын жақсартады.  Сол сияқты инфрақұрылымды және тұрғын үй құрылысын дамытатын болады. Жалпы, өңірде Индустрияландыру картасын іске асыру бойынша жұмысқа ерекше көңіл бөлініп отыр, бұл жұмыстар менің жеке бақылауымда», — деді Ж. Қасымбек.  

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өз кезегінде 2020-2025 жылдарға өңірде 1,4 трлн теңгеге 44 инвестициялық жобаның пулы құрылғанын жеткізді. Шамамен 10 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарда. Бүгінге 31 жоба іске асуда.

«Осы жылы 41,7 млрд теңге сомасына 14 жобаны іске қосу жоспарда бар, 560 жұмыс орны құрылады. Енгізілетін 5 жоба шетелдік қатысумен іске асуда», — деді ол.  

Ағымдағы жылы іске асырылатын жобалардың негізгі салалары:

  • машина жасау – 17,4 млрд теңгеге 3 жоба;
  • агроөнеркәсіптік кешен – 10,5 млрд теңгеге 1 жоба;
  • химия өнеркәсібі – 2,9 млрд теңгеге 5 жоба;
  • құрылыс материалдары – 3,0 млрд теңгеге 2 жоба;
  • дата-орталықтар (майнинг) – 10,8 млрд теңгеге 3 жоба.

Машина жасау және майнинг саласындағы жобалар ағымдағы жылдың негізгі жобалары болып табылады.

Павлодар облысын ірі индустриялық өңір ретінде одан әрі стратегиялық даму мақсатында металлургия және химия өнеркәсібі өндірістерінің қолда бар базасында жаңа салалық кластерлерді іске асыру жоспарлануда.

Осы даму стратегиясын табысты іске асыру өңірдің өнеркәсіптік өндіріс көлемін ұлғайтуға және жоғары технологиялық және ғылымды қажет ететін өндірістер орталығын құруға мүмкіндік береді (металлургияда - алюминий және мыс кластерлері; химия саласында - мұнай химиясы және көмір химиясы).

Индустрияландыру картасы аясында облыста бірқатар ірі стратегиялық жобалар іске асырылуда:

  • «Canarax» техникалық кремний өндіру зауыты;

  • «Павлодар-Сода» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) кальцийленген сода өндіру зауыты;

  • «Нефтехим LTD» ЖШС сұйытылған көмірсутекті газдар мен полимерлер алу жөніндегі кешен;

  • «РОССДОРКОМ КЗ» ЖШС ыстық мырыштау зауыты. 

«Жалпы, ағымдағы инвестициялық жобаларды іске асыру өңірдің өнеркәсіптік өндіріс көлемін 15%-ға ұлғайтуға, 2 760 жұмыс орнын құруға және 12,3 млрд теңге мөлшерінде жыл сайын қосымша салық түсімдерін алуға мүмкіндік береді. Картаны одан әрі дамыту жағынан біз Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ұсыныстарын қолдаймыз», — деді Ә. Сқақов.  

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасын іске асыру кезінде облыста 6 мың жаңа жұмыс орны ашылып, сомасы 157 млрд теңге тұратын 92 жоба пайдалануға берілгенін айтты. 

«Бағдарламаны іске асырудың арқасында өңір көрсеткіштерінің өсуі байқалады, мәселен, ағымдағы жылдың 8 айында (қаңтар-тамыз) облыстың өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі 119,9% құрады», — деді Қостанай облысының әкімі.

Бағдарламаның үшінші бесжылдығы шеңберінде (ИИДМБ 2020-2025) шеңберінде 3,8 мың жұмыс орнын ашумен 400 млрд теңгеден астам сомаға 13 жоба іске асырылуда. Оның ішінде, машина жасау саласында өндірісті жергіліктендіру деңгейін ұлғайтуға бағытталған 2 жоба көзделген.

«АгромашХолдинг KZ» АҚ 38 мың ш.м. алаңда құны 11,2 млрд теңге тұратын бизнес-инкубатор жобасын іске асыруды жүргізуде және 1500 жұмыс орны ашылатын болады. Бұл жобаның негізгі мақсаты құрамдас базаны, оның ішінде шетелдік компаниялар-өндірушілерді тарту арқылы машина жасаудағы өндірісті жергіліктендіруді арттыру болып табылады. Мысалға, егіс кешендері өндірісін ұйымдастыру үшін австриялық «PÖTTINGER» компаниясы тартылды, сондай-ақ ресейлік «Риат» компаниясы автомобиль және ауыл шаруашылығы техникасына арналған пластикалық бөлшектер мен орындықтар өндірісін ұйымдастыруды көздеп отыр.

Жергіліктендіру үшін жоспарланған өнімнің негізгі ассортименті: машина жиынтықтары, орындықтар, пластикалық бөлшектер, ширақжіптер мен сымдар және басқа да бұйымдар. Жобаны іске қосу 2020 жылдың соңына жоспарланған, ал 2021 жылы машина жасаудағы 2291 бөлшекті жергіліктендіру жоспарланып отыр.

«Тағы бір жоба – бұл «КАМАЗ» ресейлік компаниясының қатысуымен шойын құю өндірісінің жобасы.  Құны  шамамен 80 млрд теңге тұратын және 600 жұмыс орнын ашатын «Kamlitkz» ЖШС бірлескен кәсіпорнының жобасын Қостанай қаласының Индустриялық аймағының аумағында іске асыру жоспарлануда. Жобаның қуаттылығы жылына шамамен 40 тонна құйманы құрайды, бұл ретте өнімнің 90%-дан астамы Ресей Федерациясына КАМАЗ зауытына экспортқа жіберілетін болады. Айдың соңында зауыт құрылысын бастауға кірісу жоспарлануда», — деді А. Мұхамбетов. 

Сондай-ақ Кәсіпкерлікті қолдау картасына 36 млрд теңге сомасына агроөнеркәсіптік кешені, энергетика және машина жасау саласында 6 жобаны енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде: 

  • Қостанай облысында қуаты 50 МВт жел электр станциясы; 
  • құны 3,6 млрд теңге тұратын, 5000 басына арналған мал бордақылау алаңын және 2500 мал басына арналған асыл тұқымды репродукторды салу; 
  • Арқалық қаласында элеватор, құрама жем зауыты және диірмен кешенінің құрылысы; 
  • Рудный қаласында шиналарды қайта өңдеу зауыты; 
  • сұлы қауызының өндірісі; 
  • бройлер етін өндіру. 

Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Жұмыстарды аяқтау ағымдағы жылдың 4-тоқсанына жоспарланып отыр. Жобаларды іске асыру мен индустрияландыру бағдарламасына инвесторларды тарту барысы жөніндегі жұмыс ерекше бақылауда.  

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу