2018 жылдан бастап ҚР жер қойнауын пайдалану саласына шамамен 7 трлн теңге инвестиция тартылды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында геология саласын дамыту перспективалары қаралды. ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, энергетика вице-министрі Асхат Хасенов баяндама жасады.

С. Брекешев геология саласын дамытудың қазіргі ахуалы мен негізгі перспективалары туралы айтып берді.

Пайдалы қазбалардың көптеген түрлерінің расталған қоры бойынша республика әлемнің жетекші елдерінің алғашқы ондығына кіреді. Осыған байланысты жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жандандыру талап етіледі. Бұл кейіннен жер қойнауын пайдалануға беру үшін перспективалы алаңдар мен объектілерді анықтау бойынша негізгі әдістердің бірі.

«2020-2022 жылдары мемлекеттік салымдардың көлемі 30 млрд теңгені құрады. Бұл ретте, соңғы жылдары мемлекеттік инвестициялардың ұлғаюы байқалуда», — деп мәлімдеді экология, геология және табиғи ресурстар министрі.

Сонымен қатар Қазақстан геологиялық барлауға салынатын мемлекеттік инвестициялардың 1 шаршы километрге төмен көрсеткішімен сипатталады. Бізде ол $11-ды құрайды. Мәселен, салыстыру үшін Австралияда – $167, Канадада – $203.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, инвесторлар өз қаражатын мемлекет есебінен болжамды ресурстары бар, перспективалы учаскелер базасы қалыптасқан жұмыстардың ерте сатыларын жүргізген немесе жүргізу үстіндегі елдерде кен орындарын барлауға салып жатыр.

Осыған байланысты Мемлекет Басшысының тапсырмаларын орындау барысында геология саласының алдында мынадай негізгі міндеттер бар:

Бірінші. Геологиялық зерделенуді арттыру және перспективалы учаскелерді анықтау.

Екінші. Аталған міндеттер бойынша жұмыс «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» Ұлттық жобасының «Геология саласын дамыту» бағытындағы іс-шараларды іске асыру шеңберінде жүргізілуде.

Үшінші. Өндірістік-технологиялық процестерді цифрландыру және автоматтандыру.

Төртінші. Геологиялық зерттеудің инвестициялық тартымдылығын арттыру, минералдық-шикізат базасын молайту үшін заңнаманы жетілдіру.

«Біз геология саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасын әзірледік және онда жоғарыда аталған мәселелердің шешімі көрініс тапты», — деді С. Брекешев.

Қазақстанда жаңалықтар үшін айтарлықтай перспективалар бар. Геологтармен көмірсутектер бөлігінде шамамен 76 млрд тонна шартты отынның болжамды ресурстары және әртүрлі дәрежеде зерттелген 15 шөгінді бассейн бөлінеді. Бүгінгі таңда мұнай-газ өндірісінің барлық көлемі игерілген 5 бассейнге тиесілі. Оның ішінде ең ірісі – Каспий маңы және оған елдің ресурстық базасының шамамен 80 пайызы тиесілі.

Сонымен қатар Орталық, Шығыс және Оңтүстік Қазақстанда алтын мен мыс рудасы өнеркәсібінің минералдық-шикізат базасын дамыту үшін мүмкіндіктер бар. Вольфрамның, молибденнің, алюминийдің, қалайының, сондай-ақ сирек металдардың жаңа кен орындарын ашу үшін перспективалар бар. 

Ұлттық жоба аясында мемлекеттік бюджет есебінен алаңдарды геологиялық жете зерттеу, геологиялық-минерагендік және терең геологиялық карта жасау жүргізіледі. 2026 жылға қарай зерттеулердің жалпы ауданы барлығы 680 мың шаршы километр құрайды. Бұл 2,2 млн шаршы шақырымға дейінгі елді геологиялық-геофизикалық зерделеумен қамтуға мүмкіндік береді.

С. Брекешев Қызылорда облысындағы жағдайды ескере отырып, Арал бассейнінің шикізат әлеуетін бағалау жоспарланып жатқанын атап өтті. Бұдан басқа, Шу-Сарысу, Солтүстік Торғай және Сырдария аз зерттелген бассейндерін зерттеуге арналған жобалар әзірленуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында қала құраушы кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін, экономиканың негізін тау-кен металлургия кешені құрайтын Риддер, Хромтау, Жезқазған, Теміртау және Балқаш моноқалаларына жақын орналасқан 7 перспективалы учаскеде іздестіру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар әлемдік нарықтың қазіргі тенденцияларын және сирек, сирек кездесетін металдарға, сондай-ақ литийге сұраныстың артуын ескере отырып, шикізаттың осы түрлеріне перспективалы учаскелерді анықтауға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, биыл Қара-Аяқ және Мунча учаскелерінде сирек кездесетін металдарды анықтау жұмыстары жалғасуда. 12 учаске бойынша сирек кездесетін металдарды анықтау перспективаларын анықтау бойынша жұмыстарды бастау үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде.

Каспий маңы ойпатының терең құрылысын зерттеу мақсатында «Еуразия» жобасы бойынша жұмыс басталды. Былтыр жобаның 1-кезеңін жүзеге асыруға кірістік. Ол геологиялық-геофизикалық материалдарды заманауи технологиялар бойынша талдауды, жинақтауды және қайта түсіндіруді қамтиды. Екінші және үшінші кезеңдерді іске асыру инвестициялар есебінен көзделеді.

Зерттеу нәтижелері бойынша жеке инвестициялар есебінен тереңдігі 10-15 км дейінгі ұңғыманы бұрғылау жоспарланып отыр. Бұл геологиялық қиманы зерттеуге және көмірсутектерді іздеуге қатысты бассейннің әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді.

Осылайша, мемлекет терең көкжиектер мен аса терең бұрғылауға геологиялық-геофизикалық зерттеулердің деректер банкін құратын болады және мұнай мен газдың ірі кен орындарын ашу мүмкіндігіне ие болады.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі жылдан-жылға жаңа кен орындарын ашу неғұрлым күрделі әрі қымбатқа түсіп жатқанын атап өтті. Минералды-шикізат базасын нығайтуда геологиялық ғылым үлкен рөл атқарады. Тек оның озық дамуы кен орындарын ашудың болжамды қорын негіздеуге қабілетті.

«Осыған байланысты келешектегі 5 жылда бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында терең жатқан объектілерді болжау және ғылымның қазіргі заманғы жетістіктері базасында жаңа кен орындарын ашу үшін ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарланған. Процестерді цифрландыру және автоматтандыру аясында «Минералдық ресурстардың ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесін құру және енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде», — деді С. Брекешев.

Процестерді цифрландыру және автоматтандыру аяснда «Минералдық ресурстардың ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесін құру және енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар Цифрлық даму, экология, геология және табиғи ресурстар, энергетика, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері жер қойнауын пайдалану саласындағы барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерді біріктіру және көшіру арқылы «Kaznedra» бірыңғай платформасын құру бойынша жұмысты бастады. 

Бірыңғай платформа барлық процестер мен қызметтерді бірыңғай терезеде шоғырландыру арқылы инвесторларға кешенді сервистік қолдау көрсетуге ықпал ететін болады.

Бұдан басқа, Президенттің тапсырмасы бойынша «Қазгеоақпарат» және «Қазгеология» ведомстволық бағынысты ұйымдары базасында өткен жылдың желтоқсан айында Ұлттық геологиялық қызмет құрылды. Маусым айында осы ұйымдарды қайта ұйымдастыру және басқа да іс-шаралар аяқталады. Бұл ретте, геология саласын мемлекеттік реттеу саласындағы әлемдік тәжірибені талдау барлық жетекші елдерде Ұлттық геологиялық қызметтер құрылғанын және олардың табысты жұмыс атқарып жатқанын көрсетуде. Геологиялық қызметтердің негізгі міндеттері – геологиялық ақпаратты жинау, талдау және ұсыну, сондай-ақ жүйелі геологиялық зерттеулер, оның ішінде геологиялық қамту карталарын жасау.

Жалпы Қызмет геологиялық ақпаратқа ашық түрде қол жеткізу, Минералдық ресурстардың ұлттық деректер банкін пайдалану, геологиялық ақпаратты қорыту, жүйелеу және талдау арқылы инвесторларды кешенді сервистік қолдайды.

С. Брекешевтің айтуынша, Ұлттық геологиялық қызметті құру барысында қорлар қоймасын, 2 керн қоймасын салу, 4 керн қоймасын жөндеу, жаңғырту және деректерді өңдеу орталығын құру жоспарлануда. Нәтижесінде мемлекеттік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 100%-ға жетпек.

«Біз геологиялық барлаудағы инвестициялық тартымдылықты жақсарту мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша тиісті ұсыныстарды пысықтаудамыз», — деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі.

Бірінші. Бұл Аз зерттелген шөгінді бассейндердегі жер қойнауын геологиялық зерттеу туралы келісімді бекіту. Көмірсутек шикізатының перспективалы ресурстары анықталған жағдайда, жетілдірілген модельдік келісімшарт шеңберінде жер қойнауын геологиялық зерттеу кезеңінен барлау және өндіру кезеңіне кепілді өту мүмкіндігі берілетін болады.

«Бұл тәсіл жаңа құрал болатын аз зерттелген аумақтарда жер қойнауының мұнай-газдылық перспективаларын геологиялық зерделеуге лицензия енгізу арқылы қамтамасыз етілетін болады. Бұл инвестициялардың неғұрлым жоғары құқықтық қорғалуын және тұрақтылығын қамтамасыз етеді және инвесторларға жетілдірілген модельдік келісімшартта көрсетілетін белгілі бір салықтық және басқа да преференцияларды алуға мүмкіндік береді. Жер қойнауы туралы кодекске өзгерістер енгізу бөлігінде заң жобасы аясында тиісті түзетулер әзірленіп, Энергетика министрлігіне жолданды», — деп түсіндірді С. Брекешев.

Екінші мәселе. Бұл жер қойнауын геологиялық зерттеудің инвестициялық тартымдылығын арттыру, минералдық-шикізат базасын молайту үшін геология саласындағы заңнаманы жетілдіру.

Қазіргі уақытта мемлекеттік органдармен әкімшілік рәсімдерді қысқартатын және геологиялық барлау жұмыстарына қаржы тарту үшін инвестициялық ахуалды жақсартатын заңнамалық түзетулер пысықталуда. «100 нақты қадам» жалпыұлттық Ұлт жоспарының 74-қадамын іске асыру аясында Қазақстан CRIRSCO құрамына кірді. «Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері, минералды ресурстар мен минералды қорлар туралы қазақстандық жария есептілік қауымдастығы» (KAZRC) және «Жер қойнауының тәуелсіз сарапшыларының кәсіби бірлестігі» (ПОНЭН) құрылды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі басшысының айтуынша, барлық қажетті нормативтік-техникалық құжаттар әзірленген. Пайдалы қазбалар қорларын есепке алудың халықаралық стандарттарына көшу халықаралық биржаларға шығу үшін ұсынылатын ақпараттың ашықтығын және анықтығын қамтамасыз етеді. Бұл CRIRSCO стандарттары әлемнің жетекші қор биржалары мен банктері ретінде танылып, елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. 

2024 жылғы 1 қаңтарға дейін Пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссияның қолданыстағы жүйесін қолданумен өтпелі кезең заңнамада көзделген.

С. Брекешев Ақтөбе облысындағы Көкжиде жер асты суларының ірі кен орнының мұнай өнімдерімен ластануы назар аударуды қажет ететін маңызды мәселе екеніне тоқталды.

«Көкжиде ультрапрессті жер асты суларының кен орны батыс өңірде бірегей саналады және оның әлеуетін сапалы ауыз суға тапшы Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарының халқын сумен қамтамасыз ету үшін пайдалануға болады. Сонымен қатар Көкжиде кен орнының шекарасы шегінде 8 жер қойнауын пайдаланушы көмірсутек шикізатын барлау және/немесе өндіру бойынша жұмыстарын жүргізуде», — деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі.

Әртүрлі кезеңде мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар Көкжиде кен орны ауданында жер асты суларының мұнай өнімдерімен ластану фактілерін анықтағанын айта кеткен жөн. Осыған байланысты келесі іс-шаралар орындалды:

Бірінші. Көкжиде кен орнын жете барлау бойынша жұмыстар жүргізілді. Тәулігіне 173,4 мың текше метр көлемінде жерасты суларының қорлары бекітілді және Көкжиде кен орнының шекаралары анықталды.

Екінші. Жер қойнауын пайдаланушылардың ведомстволық желісінің ұңғымалары бойынша сынамалар мен талдаулар алынып, қоспалардың бар екенін көрсетті. Алайда мұнай өнімдері бойынша шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кету анықталмаған.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қ. Өскенбаев ведомствоның қатты пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Минералдық-шикізат базасын толықтыру, геологиялық зерделеуді арттыру, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын шикізатпен қамтамасыз ету және жаңа өндіріс орындарын құру мақсатында біз жер қойнауын пайдалану құқығын береміз. Пандемияға қарамастан 2021 жылдың қорытындысы бойынша 1700-ден астам лицензия берілді және 800-ге жуық отандық юниорлық компания құрылды. 2018 жылдан бастап жер қойнауын пайдалану саласына шамамен 7 трлн теңге инвестиция тартылды», — деді Қ. Өскенбаев.

Жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында отандық бизнес өкілдері ERG, Kazakhmys, KazMinerals, Polymetal, Полюс кен орындарын барлау жұмыстары бойынша міндеттемелер алды. Жыл сайын 38,6 млн тонна темір рудасы, 1,4 млн тонна алюминий тотығы өндіріледі, сондай-ақ 2,7 млн тонна мыс концентраты мен 193 мың тонна қорғасын концентраты шығарылады.

Жер қойнауын пайдалану саласына Rio Tinto, Fortescue, Silver Bullet сияқты әлемдік нарықтағы ірі компаниялар тартылды.

Бүгінгі таңда қатты пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалану саласында 499 келісімшарт және 1 738 лицензия іске асырылуда.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазір барлық кен орнын тексеріп жатырмыз. Жер қойнауын пайдалануға бұрын-соңды берілген қолданыстағы барлық келісімшарт пен лицензияларға талдау жасалды. Бұл 2 мыңнан астам құжат. Министрлік қатты пайдалы қазбалар бойынша 202 келісімшартты қарады. Соның нәтижесінде 52 келісімшарт заңды күшін жойып, бұзушылықтарды жою туралы 43 хабарлама жіберілді. Осылайша, 118 лицензияның қолданылуы тоқтатылды. Талдау қорытындысы негізінде қолданыстағы 1620 лицензия бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады. Міндеттемелерді орындау көрсеткіштері 100 пайыздан төмен болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылар тексерілетін болады. Қазіргі уақытта келісімшарттарды ұзарту шарттары қайта қарастырылуда. Жер қойнауын пайдаланушылар үшін қосымша міндеттемелер белгіленеді. Ең алдымен, әлеуметтік тиімділігіне ерекше назар аударамыз», — деді Қ. Өскенбаев.

Жаңа шарттарға сәйкес әрбір жер қойнауын пайдаланушы өңірлік әлеуметтік жобаларға қатысып, жаңа өндіріс орындарын құратын болады. Сонымен бірге, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртып, қосымша жұмыс орындарын құрады және отандық өндірістік кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ететін болады.

Бүгінгі таңда лицензиялар бойынша қабылданған минималды инвестициялық міндеттемелер сомасы жыл сайын 15 млрд теңгеден асады.

Геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру, сондай-ақ қатты пайдалы қазбалар мен кең таралған пайдалы қазбалар бойынша пайдаланылмайтын кен орындарын игеру мақсатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану үшін қолжетімді барлық аумақты Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына қосу мәселесі пысықталып жатыр.

Бүгінгі таңда бағдарламаға 1 млн 65 мың шаршы километрден астам аумақ қосылған, шамамен 260 мың шаршы километр аумақты қосу жоспарда бар.

«Жер қойнауын пайдалану үшін қолжетімді барлық аумақты ашу жер қойнауының геологиялық тұрғыда зерделенуін ұлғайтып, минералдық-шикізат базасын толықтыруға, сондай-ақ салаға қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Ол үшін кен орындарын контурлау жұмыстарын жеделдетуді ұсынамыз. Геологиялық барлау жұмыстарын ынталандыру мақсатында біз бағаланған қорлар бойынша өндіру кезеңіне жедел өту тетігін пысықтап жатырмыз», — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Жер қойнауы туралы кодексті іске асыру және жинақталған тәжірибені ескере отырып, жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында Министрлік Жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң тұжырымдамасының жобасын әзірлеп жатыр.

Келесі түзетулер ұсынылады:

  • Жер қойнауы қорын басқару бағдарламасын қалыптастыру тәртібін реттеу;
  • аукцион бойынша ережелерді 2025 жылға дейін ұзарту; 
  • аукционға қатысушылар үшін кепілдік жарна; 
  • міндеттемелерді орындамаған жағдайда лицензияларды қайтарып алу; 
  • қатты пайдалы қазбаларды барлау жұмыстары кезінде тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру мәселелері;
  • жер қойнауын пайдалану салдарларын жою рәсімдерін жетілдіру. 

Тұжырымдама жобасы қазір талқылау сатысында тұр.

«Жер қойнауын пайдалану құқығын беруде ашықтықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында биыл лицензия беру процесін автоматтандыруды жоспарлап отырмыз. Процесті автоматтандыру адами факторды болдырмауға, сондай-ақ қарастыру мерзімін 5 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Қазір қарастыру процесі 30 күннен асады», — деді Қ. Өскенбаев.

Өз кезегінде энергетика вице-министрі А. Хасенов ведомствоның көмірсутектер саласындағы геология саласын дамыту бойынша жүргізіп жатқан жұмысы туралы баяндады.

Бүгінгі күні көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың жалпы саны 281-ді құрайды, оның ішінде барлауға – 40, барлау мен өндіруге – 135, өндіруге – 96, өнімді бөлу туралы келісімшарт – 10. 

«2020-2021 жылдары жер қойнауын пайдаланушылар геологиялық барлауға шамамен 173 млрд теңге инвестициялады, оның ішінде 2020 жылы – 95 млрд теңге, 2021 жылы – 78 млрд теңге», — деді А. Хасенов.

Министрлік геологиялық барлаудың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында екі бағыт бойынша жұмыс жүргізуде: 

  1. Жаңа тетікті – жақсартылған модельдік келісімшартты енгізу; 
  2. Геологиялық барлауды одан әрі ынталандыру бойынша «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер енгізу. 

Бірінші бағыт бойынша Мемлекет басшысы Жақсартылған модельдік келісімшартты (бұдан әрі – ЖМК) бекіту бойынша заңнамалық нормалардың қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырды. Осы тапсырманы орындау үшін Энергетика министрлігі «Шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесі» қауымдастығымен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, ЖМК қолданылатын кен орындарының санаттарын, сондай-ақ реттеушілік және фискалдық преференциялар пакетін анықтап, келісті. 

Атап айтқанда, ЖМК теңіз жобаларына, құрлықтағы күрделі жобаларға және газ жобаларына қолданылатын болады. 

ЖМК жұмыс істеп тұрған өндіруші кен орындарына, оның ішінде Теңіз, Королевское, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарына таралмайтынын атап өткен жөн. 

«Қазіргі уақытта ЖМК шеңберінде реттеушілік преференциялар беру бойынша әзірленген түзетулер қорытынды кезеңде тұр», — деді энергетика вице-министрі.

Фискалдық преференциялар бөлігінде жер қойнауын пайдалануға баламалы салық режимін (ЖБС), капиталға аплифт беру, жер салығынан және мүлік салығынан босату және басқа да бірқатар жеңілдіктер қарастырылады. 

ЖМК қабылдау оң әсер етеді деп күтілуде: 

1) геологиялық зерделенуді арттыру; 

2) алынуы қиын қорларды игеру; 

3) жаңа технологиялар трансферті; 

4) жер қойнауын пайдаланушылардың газ және теңіз жобалары бойынша қызметін жүргізу жағдайларын жақсарту;

5) геологиялық барлауға қосымша инвестициялар тарту.

Екінші бағыт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруде ашықтықты қамтамасыз ету және геологиялық барлауды ынталандыру рәсімдерін жеңілдету мақсатында Энергетика министрлігі бірқатар заңнамалық түзетулерді әзірледі, олар: 

  • аукционға қатысу үшін талаптар тізбесін қысқарту; 
  • бірінші жеңімпаз түпкілікті қол қою бонусын төлемеген жағдайда, аукцион қорытындылары бойынша екінші орын алған аукционға қатысушымен жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жасасу; 
  • электрондық аукционды қолданыстағы ақпараттық жүйелермен біріктіру (ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін құжаттар мен мәліметтерді талап етпеу); 
  • іздестіру кезеңінде барлау жұмыстарының жобасын әзірлеудің хабарлама тәртібіне көшу (бағалауды, теңіз жобаларын, жер қойнауы учаскесін кеңейтуді көздейтін барлау жобаларын қоспағанда);
  • жер қойнауын пайдаланушының жүргізілген сейсмикалық барлау жұмыстары жағдайында келісімшарттық міндеттемені орындамағаны үшін айыппұл төлемей барлау кезеңінде ұңғыманы бұрғылаудан бас тарту мүмкіндігі; 
  • барлау кезеңінде жер қойнауын пайдаланудың салдарын жоюды қамтамасыз ету ретінде кепілдік, сақтандыру, банктік салым кепілі сияқты қамтамасыз етудің баламалы тәсілдерін ұсыну мүмкіндігі. Бұл шара жер қойнауын пайдаланушыға геологиялық барлауға қосымша қаражат тартуға мүмкіндік береді. 

Заңнамалық түзетулердің әзірленген пакеті кейіннен геологиялық барлауды іс жүзінде жүргізуге көшу мақсатында жобалау құжаттарын бекіту мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік беретін басқа да өзгерістерді қамтиды. 

Жер қойнауы туралы кодекс күшіне енген сәттен бастап Министрлік көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге 3 электрондық аукцион өткізді.

«Соның нәтижесінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге 39 жаңа типтік келісімшарт жасалды. Қол қойылатын бонустың мемлекеттік бюджетке төленген түпкілікті сомасы 12,8 млрд теңгені, геологиялық барлауға инвестициялар көлемі $237,4 млн құрады. Айта кету керек, аукционды өткізу рәсімі толығымен автоматтандырылған, бұл оны барынша ашық және айқын етеді. Биылғы жылдың 21 сәуірінде Министрлік 40 жер қойнауы учаскесінде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге кезекті аукцион жариялады. Аукционды өткізу осы жылдың 22 шілдесіне белгіленген», — деді А. Хасенов. 

Министрлік тұрақты негізде тиісті ақпараттық және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы жұмыстың нәтижесінде әлеуетті инвесторлар тарапынан жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша жарияланған аукционға үлкен қызығушылық пайда болды. Салыстыру үшін, алдыңғы үш аукцион бойынша 47 жер қойнауы учаскесі қойылды, биыл бір аукцион шеңберінде 40 жер қойнауы учаскесі бойынша қызығушылық білдірілді. 

«Барлық ұсынылған жер қойнауы учаскелері бойынша жиынтық бастапқы жазылу бонусы 2,9 млрд теңгені құрайды. Қолданыстағы ережелерге сәйкес аукцион бағаны көтеру үшін өткізіледі», — деді энергетика вице-министрі.

Министрлік еліміздің көмірсутектер саласындағы геологиялық саласын дамыту үшін мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, әрбір кезеңде жер қойнауын пайдалану құқығын берудің түсінікті және ашық рәсімдерін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты жалғастыратын болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу