Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті сенатор» мәртебесі берілді

Парламент Сенатының пленарлық отырысы басталмас бұрын Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті сенатор» мәртебесін беру рәсімі өткізілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Баспасөз қызметі хабарлайды.

Елбасы барлық депутаттарға қолдау көрсеткені және еңбегін жоғары бағалағаны үшін алғыс айтты. 

«Көпшілігіңізбен соңғы 30 жыл бойы бірге жұмыс істеп келеміз. Біз көптеген қиындықты бірге өткердік. Маған "Құрметті сенатор" мәртебесін беру туралы шешім қабылдағандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Қазақстанның Тұңғыш Президенті қолға алған реформаларды тиімді жүзеге асыру ісінде Парламенттің сапалы заң шығару қызметінің маңызды екенін ерекше атап өтті.

«Еліміз бүкіл әлемге танымал болды. Экономикамыз дамып, азаматтарымыздың тұрмыс деңгейі артты. Біз мемлекетті жаңғыртуға бағытталған бірнеше бағдарлама қабылдадық. Сіздер сол құжаттарды жүзеге асыруға белсене атсалысып келесіздер. Реформалардың табысты болуы сіздердің жұмыстарыңызға байланысты», — деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев қоғамның тұрақтылығын нығайту және дамудың стратегиялық бағдарының сабақтастығын қамтамасыз ету үшін президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдағанын айтты.

«Біздің басты жетістігіміз – елдегі тұрақтылық пен тыныштық. Әлемдік қоғамдастықтың қабылдаған шешіміме білдірген пікіріне таң қалдым. Біз бүкіл әлемге билік транзитіне қатысты мәселені қалай шешуге болатынын көрсеттік», — деді Елбасы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанды одан әрі дамыту және өркендету ісінде жастардың маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу