Л. Ибрагимова «Бақытты отбасы» бағдарламасы туралы: міндетіміз — тұрғын үй несиесінің төлемін шама жетерліктей ету

Бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова баспана алуда көп балалы отбасыларды қолдауға бағытталған «Бақытты отбасы» жаңа бағдарламасының іске қосылуы туралы айтты.

Л. Ибрагимова Елбасының «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасына сәйкес, «Нұрлы жер» бағдарламасының «Бақытты отбасы» атты жаңа бағыты биыл маусым айынан бастап іске қосылатынын мәлімдеді.

Бұл бағдарламаға 4 және одан да көп балалары бар көп балалы отбасылар, кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар қатыса алады. Аталған несие аясында жаңадан салынған немесе екінші нарықтағы дайын үйлерді сатып алуға болады.

«Бақытты отбасы» бағдарламасына бір адамға шаққанда табысы (жалақысы) 42 500 теңгеден аспайтын отбасылар қатыса алады. Мәселен, егер отбасы 6 адамнан тұрса, онда олардың жалпы табысы 255 мың теңгеден аспауы қажет.

Сондай-ақ, жеңілдетілген несие алу үшін өтініш берушінің жеке басында және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінде өтінім берген кезде жеке баспаналары жоқ болуы керек.

«Біз аталған бағдарламаны әзірлеген кезде, ең алдымен, мақсат – аз қамтылған отбасыларды, яғни, қазіргі таңда жалдамалы пәтерлерде, басқа біреудің пәтерінде, уақытша тұрақтарда тұратын, бастапқы жарнаға да ақша жинай алмайтын отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету болды. Сондықтан да, алғашқы талап – отбасылар аз қамтылған болуы тиіс. Отбасының бір мүшесіне кіріс 42 500 теңгеден аз болуы керек. Яғни, егер бізге тек жолдасы жұмыс істеп, жары балалар күтімімен айналысып, жұмыс істемейтін болса, онда олардың табысы 255 мың теңгеден аспауы қажет. Осылайша, бастапқы жарнаны жинауға шамалары жетпей жүрген адамдар бірінші кезекте өтеді», — деп түсіндірді Л. Ибрагимова.

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы атап өткендей, биылғы наурыздан бастап пилот түрінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы Алматы қаласында іске қосылды. Пилоттық жоба аясында әкімдікте кезекте тұрған көп балалы отбасылар жаңадан салынған үйлерден пәтер сатып алуға жылдық 2%-бен, бастапқы жарнасы 10%-ды құрайтын несие ала алды. Бүгінгі таңда 344 өтінім берілді. Оның 330 өтінімі мақұлданды. Бүгінде екі отбасы несиелік келісімшартқа қол қояды. Бұдан өзге, Алматы қаласының әкімдігі несиені рәсімдеуге кіріскен көп балалы отбасылардың депозиттеріне 1 млн теңгеден 44 тұрғын үй сертификатын аударды.

Л. Ибрагимованың айтуынша, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеген тұрғын үй сертификатының тетігі — әлеуметтік көмектің жаңа формасы.

«Бұл — әкімдік басымдыққа қарай, қазіргі таңда алғашқы басымдық көп балалы аналарға беріліп отыр, бастапқы жарнаны тезірек толтыру үшін 1 млн теңгеге дейін беретін әлеуметтік көмек», — деді ол.

Бағдарлама шарттары бойынша баспананың максималды сомасы 15 млн теңгені құрауы тиіс. Алматы қаласында осы бағаға сәйкес қосымша шарт қойылды — сатып алынатын пәтерлер жаңадан салынған үйлерде болуы тиіс.

Л. Ибрагимова неліктен максималды сома ретінде дәл осы баға таңдалғанын түсіндіре отырып, бірінші кезекте, несие бойынша төлем көп балалы отбасылар үшін қиындық тудырмауы керек екені ескерілгенін айтты.

«Бұл – ең алдымен аз қамтылған отбасылар. Біздің міндет – несие бойынша төлемді шама жетерліктей ету. Сондықтан да максималды сома ретінде 15 млн тг белгіленді. Алғашқы 8 жылда төлем 76 мың тг болады. Осыған орай бұдан артық бағаны қоймадық. Міндетіміз – бұл адамдардың өздерінің жекеменшік баспаналарына көшуіне жағдай жасау. Иә, ол шағын болады, дегенмен адамның өзін меншік иесі ретінде сезінуі үшін бастапқы кезге жетерлік. Ең бастысы – бұл шама жететін төлем болады. 25 млн теңгеге дейін жасауға болар еді, алайда ол жағдайда отбасы 150 мың тг төлер еді, ал олар бұл бағаны ай сайын төлей ала ма?», — деді Л. Ибрагимова.

Сонымен қатар, ол үлкенірек пәтер алғысы келетін отбасылар сатып алу құқығынсыз жалдамалы баспана ала алатынын айтты. Бүгінде 6 мың пәтер тек көп балалы отбасылар үшін сатып алу құқығынсыз жалдап тұруға дайындалып жатыр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу