2019 жылы 1316 көп балалы отбасыны тұрғын үймен қамту жоспарланған — ҚР ИИДМ

ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын іске асыру бойынша өңірлерге жасалған сапарлардың қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында көп балалы отбасыларға жеңілдікті баспана салу, ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету туралы айтып берді.

М. Жайымбетовтың айтуынша, бүгінде елімізде 340 мыңға жуық көп балалы отбасы бар, олардың 31 мыңнан астамы әкімдіктерде баспанаға мұқтаждар ретінде тізімде тұр. Мамыр айында барлық қаржы көзері есебінен 1316 көп балалы отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген, оның ішінде 1 мамырда 249 баспана берілді.

 

Жалпы, аталған мақсаттарға алдағы 7 жылда жыл сайын 50 млрд теңгеден қосымша қаржы бөлу көзделген. Қаржыландырудың жалпы сомасы 350 млрд тг құрайды.

«Биыл 7145 пәтер салынады. Өңірлер бойынша Түркістан, Алматы, Қызылорда облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында көп пәтер беріледі», — деді Комитет төрағасы.   

Сонымен қатар, қосымша шара ретінде жылдық 2% мөлшермен, 19 жылға дейін, 10% алғашқы жарнамен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікті несиелендіру енгізіледі. Алғашқы жарнаның бір бөлігін әкімдіктер тұрғын үй сертификаты арқылы жабуға көмектесе алады, алушылар тізімі мәслихат шешімімен бекітіледі.

Кезек күткісі келмейтіндер үшін қосымша шара ретінде жеңілдікпен несиелендіруге қаражат бөлінеді. Бұл схема бойынша көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар және мүмкіндіктері шектеулі балалары бар, табысы төмен отбасылар өз баспанасына ие бола алады. Жыл сайын республикалық бюджеттен 50 млрд теңгеден қарастырылып отыр, бұл механизмді іске асыру үшін барлығы 150 млрд теңге қажет. Үш айналымды жүзеге асыру нәтижесінде 25 жыл бойы жеңілдікпен берілетін займдарды 56 мыңға жуық отбасы ала алады.

«Мысал үшін: егер отбасы 8 млн теңгеге алса, онда алғашқы 8 жылда 42 мың теңгеден төлейді, одан кейінгі 11 жыл бойы 27 мыңнан төлейді. Бұған пәтер жалдап жүргендердің қауқары жетеді», — деді М. Жайымбетов.

Ауылдық елді мекендерді сумен қамтуды қамтамасыз ету мәселесінде Комитет төрағасы жыл сайын республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлініп отырғанын жеткізді.

«Биылдан бастап қосымша 140 млрд теңге бөлінетін болады. Соның нәтижесінде 2025 жылы 100% орталықтандырылған сумен қамтуға және ағын суларды тазартумен 90% қамтуға қол жеткізу мүмкін болады», — деді ол.

Бүгінгі таңда 10,6 млн қала тұрғынының 94,5% немесе 10 млн адам орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. 7,7 млн ауыл тұрғындарынан 84,4% немесе 6,5 млн адам ауыз сумен қамтамасыз етілген. 6499 ауылдық елді мекеннен 3892 немесе 59,9% ауыз сумен қамтылған.

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының шеткері аймақтарының проблемаларын шешу үшін жыл сайын 3 жыл бойы 30 млрд теңгеден немесе 3 жыл ішінде барлығы 90 млрд теңге бөлу қарастырылған. Негізгі басымдықты жобалар: сумен қамту, су бұру, жылумен қамту және автожолдар.

М. Жайымбетов сонымен қатар жергілікті жолдар желісін кеңейту үшін жыл сайын 150 млрд теңге бөлінетінін хабарлады. Бұдан өзге, қосымша 7 жыл бойы 50 млрд теңгеден немесе барлығы 350 млрд теңге бөлу қарастырылып отыр.

«Бұл дегеніміз, жыл сайын тепе-тең негізде 200 млрд теңгеден бөлінеді деген сөз. Соның нәтижесінде 2025 жылға дейін сапалы жолдардың үлесі 95% дейін артады, 5 мың шақырым жергілікті жол жөнделеді», — деді Комитет төрағасы.   

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу