160 мыңнан аса мұқтаж отбасыларға немесе 860 мың адамға әлеуметтік төлемдер жасалды — Б. Сапарбаев «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын іске асыру туралы

Бүгін «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын іске асыру мәселелері бойынша өңірлік сапарлар қорытындысы туралы баспасөз конференциясы кезінде ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев көп балалы отбасыларды қолдау және мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмекті көрсету шараларын іске асыру туралы айтып берді.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова бастаған Үкіметтік жұмыс тобы өткен төрт айда 11 отырыс өткізді.  Бүгінге дейін 160 мың мұқтаж отбасыларға немесе 860 мың адамға жәрдемақы төленді.

«Қазір тек сәуір және мамыр айларында 23 млрд теңге бөлінді. Жалпы, жыл бойы АӘК төлеу үшін 130 млрд теңге бөлінді. Орта есеппен, әрбір отбасыға әлеуметтік көмек 105 мың теңге көлемінде көрсетіледі. Бұл жұмыс жалғастырылады. Бұл ретте маңызды бір нәрсені айта кеткен жөн - әлеуметтік желілерде кейбіреулер АӘК биылғы жылдың тек бірінші тоқсанында төленеді, одан кейін төленбейді деп жазған еді. Тағы қайталап айтамын: АӘК ережелеріне сәйкес жыл бойы төленеді. Ал отбасының табысы әрбір тоқсанда нақтылануы тиіс», — деді Б. Сапарбаев.

Оның айтуынша, қазір жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп отбасылардың табыстарын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Табысты есептеу мәселесі бойынша келіспеушіліктер туындаған еді: егін, мал, жиһазды есептеуде, бірақ жиһаз есептелмеуі тиіс. Жиһаз есептелмейді. Ешкім ешкімнің тоңазытқышын ашпауы керек. Біз үйді-үйді араламау туралы тапсырма бердік, себебі, әрбір қалада әрбір отбасы, оның табысы, шығындары т.б. туралы мәліметтер бар. Тек қандай да бір сұрақтар туындаса, сонда ғана бару керек. Мұның бәрімен жергілікті атқарушы органдар айналысуы керек. Біз міндетті түрде табысты есептеуіміз керек», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Сонымен қатар, қазіргі кезде бизнес-құрылымдар, жеке тұлғалар көп балалы және аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй алуда, бастапқы жарнаны қаржыландыру, ескі үйде жөндеу және тұрғын үй салуда салмақты көмек көрсетіп жатыр.   

Бүгінде олардың есебінен 287 көп балалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Биыл жыл соңына дейін тағы 530 отбасы қамтамасыз етілетін болады, барлығы 2021 жылға дейін 1824 отбасы қамтылады. Ол үшін өңірлерде бизнес құрылымдармен тиісті меморандумдар жасалып жатыр.

«Қазір біз сондай басшылармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, әсіресе, бастапқы жарнаны төлеуге қатысты. Жергілікті билік органдары тарапынан жақсы қолдау көрсетілуде. Әлеуметтік қолдау жыл соңына дейін кемінде 821 мың қазақстандықты қамтумен 83 млрд теңге сомасына көрсетілетін болады», — деді ол.

Б. Сапарбаев атап өткендей, әрбір отбасы үшін карта әзірлеуге ерекше көңіл бөлініп отыр.

«Біз бірінші кезекте кімге көмектесетінімізді білуіміз керек. Мемлекет тарапынан көмек бар, болады да. Бірақ бәрі заңға сай жасалуы керек. Дені сау адамдар жұмыс істеуі тиіс, өз мәселелерін шешу жолдарын қарастырулары керек. Ал биліктің міндеті – олар үшін жағдай жасау», — деді ол.

Б. Сапарбаев жергілікті билік органдарымен мектеп оқушыларын тегін тамақпен қамту, балабақша орындарын беру, лагерьге жіберу, киіммен, оқулықтармен қамту және т.б. мәселелерге қатысты бірлескен жұмыс жалғасып жатқанын айтты.

«Министрлік әр ай сайын аталған мәселені талдап, бақылайды. Мұндағы маңызды мәселе – біреудің есебінен күн көру мен қажеттілікті айыра білу қажет. Сондықтан да біз жергілікті органдармен бірлесіп, әрбір отбасының әлеуметтік картасын әзірлеп жатырмыз. 1 шілдеге дейін аталған карта әзірленіп, соған сәйкес қолдау көрсетілетін болады», — деді Б. Сапарбаев.  

Сондай-ақ, биылғы 1 маусымнан бастап орта есеппен еңбекақы 15%-дан 30%-ға дейін өседі. 100% қаржыландырумен қамтамасыз етілген. Болжам бойынша қамту шамамен 1,1 млн қазақстандықты құрайды.  

Сонымен қатар, «Әлеуметтік қамқорлық» аясында көп балалы және аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары қабылдануда. 2025 жылға дейін республикалық бюджеттен жалдамалы үй беру және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» жеңілдікті заем беру арқылы 58 000 отбасыны баспанамен қамтамасыз ету үшін 500 млрд тг бөлінеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу