СК-Фармация: 2019 жылы емханаларда тегін дәрі-дәрмектердің бар болуы туралы бірыңғай электрондық анықтамалық іске қосылады

Қазақстанда 2019 жылға тегін дәрі-дәрмектерді сатып алу рәсімі басталды. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр, жеткізу жұмыстары қашан басталады және қандай көлемде дайындалғаны туралы «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының м.а. Берік Шәріп РrimeMinister.kz берген сұхбатында айтып берді.

«СК-Фармация» ЖШС — сатып алу және мемлекеттік сатып алуларды шоғырландыру арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі бірыңғай дистрибьютор. Сондай-ақ, 2011 жылдан бастап «СК-Фармация» республикалық бюджет қаражаты есебінен сатып алынатын медтехниканы сатып алуды ұйымдастырушы.

— Дәрі-дәрмектерді жеткізу шаралары қашан басталады? Оларды жеткізу процесі неден басталады?

— Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылға арналған дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдар тізімін бекіту туралы бұйрығы күшіне енгеннен кейін медицина ұйымдарынан өтінімдерді жинау жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда аталған жұмыс аяқталған, 28 тамыз күні алдағы жылға дәрі-дәрмектерді сатып алу бойынша тендер жарияладық. Тендер рәсімдері екі айға жуық уақытты алады, сондықтан да дәрі-дәрмектер біздің қоймаларға осы жылдың соңына дейін жеткізіледі деп көздеп отырмыз. Оларды медицина ұйымдарына 2019 жылғы қаңтардан бастап жөнелте бастаймыз. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККК) аясында сатып алынатын дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізімі биыл 1144 позицияны құрайды. Олардың ішінде 550-ден астам түрі — 45 ауру түрі бойынша диспансерлік есепте тұрған науқастарды емдеуге арналған.

Берік Шәріп

— Өткен жылғыдай, биыл дәрі-дәрмек тапшылығы орын алмайды ма?

— Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін (ММСЖ) енгізуге байланысты нормативтік актілерге өзгерістерді енгізудің қажеттігіне орай дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерін реттейтін бірқатар құжат тым кеш бекітілді, сол себепті сатып алу рәсімдері кешірек басталды. Сонымен қатар, 2018 жылы амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шаралары орталықтандырылды. Бұл факторлар жыл басында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кезінде кідірістердің орын алуына себеп болды. Бүгінде былтырғы барлық кемшіліктер ескерілген, препараттардың тапшылығы орын алмауы үшін бірыңғай дистрибьютор сатып алу рәсімдерін бастап кетті. Дәрі-дәрмектерді Қазақстанға жеткізу, кедендік тазарту және сертификаттауды есепке алғанда, сатып алынған өнімдер бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына желтоқсан айында жеткізіле бастайды, ал қаңтар айының басынан бастап оларды медұйымдарға жөнелте бастаймыз.

— Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

— Бірыңғай дистрибуция жүйесі арқылы сатып алу рәсімдерінде отандық өндірушілерге қолдау көрсету тетіктерінің арқасында фармацевтика саласы Қазақстанда өте қарқынды дамып келе жатқан салаға айналуда. Кепілдендірілген ұзақ мерзімді сату нарығы қолайлы инвестициялық ортаны қалыптастырады, соның арқасында елімізге ірі халықаралық инвестицияларды тартуға жол ашылды. Біздің фармацевтикалық зауыттарға Polpharma, Abdi Ibrahim, Фармстандарт, Nobel секілді ірі халықаралық компаниялар өздерінің инвестицияларымен, технологияларымен және әзірлемелерімен енді. Бұл отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді жеткізу келісімшарттарын жасасу тетігі арқасында мүмкін болды. Осындай келісімшарт жасасудың шарты — GMP тәжірибесінің стандарттарына сәйкес жаңа өндіріс құрылысы немесе бұрыннан келе жатқан өндірістерді жаңғырту болды.

Бүгінгі таңда 30 отандық тауар өндірушімен 1612 дәрі-дәрмек түрін (1050 дәрілік заттар мен 562 медициналық мақсаттағы бұйымдар) жеткізу туралы 50 ұзақ мерзімді келісімшарт жасалды. 2018 жылы отандық өндірушілерден 50 млрд теңге сомасына 464 өнім түрі (196 дәрілік заттар және 268 медициналық мақсаттағы бұйымдар) сатып алынуда. 2019 жылы Қазақстанда өндірілетін дәрілік заттардың 510 түрін, оның ішінде 227 — дәрі-дәрмек және 283 — медициналық мақсаттағы бұйым түрлерін сатып алу жоспарлануда. Отандық өндірушілерден сатып алынатын өнім көлемі жыл сайын ұлғайып жатқанын атап өткен жөн. Бүгінде, 2019 жылға арналған сатып алу шараларымен қатар, 3239 дәрі-дәрмек түрі бойынша ұзақ мерзімді келісімшарт жасасуға байқау жарияланды. Байқауға өтінім беру мерзімі — 2018 жылғы 22 қазан, сағат 10:00-ге дейін.

— Биылғы жылға келер болсақ, медицина ұйымдарына дәрі-дәрмектерді жеткізудің жоспары орындалды ма? Дәл қазіргі уақытта дәрі-дәрмектер қандай сомаға жөнелтілді?

— Қазіргі таңда еліміздің тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін медициналық ұйымдарына 66,5 млрд теңге сомасына, ал стационарларға – 55 млрд теңге сомасына дәрі-дәрмектер жеткізілді. Бүгінде оларды жөнелту жоспарында іркіліс жоқ, медицина ұйымдарына дәрі-дәрмектерді жоспарлы жеткізу 100% орындалды деуге болады. Бұған қоса, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша қосымша қажеттілік аясында біз биылғы сатып алу қорытындысы бойынша үнемделген 23 млрд теңгеге сатып алған дәрі-дәрмектерді жөнелтуді бастадық.  

 

— Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді цифрландыру бойынша қандай жұмыстар істеліп жатыр?

— Денсаулық сақтау саласын цифрландыру аясында Бірыңғай дистрибьютор Электрондық денсаулық сақтаудың республикалық орталығымен бірлесіп, Бірыңғай дистрибьютордың Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесін (ДҚАЖ) Бірыңғай фармацевтикалық ақпараттық жүйесімен (БФАЖ) интеграциялау жұмысын жүргізуде. Жүйелердің шашыраңқы болуы статистикалық есепке кедергі келтіріп, жұмысты қиындатты. Жүйелерді интеграциялау медицина ұйымдарында қанша дәрі-дәрмектің қалғанын көруге, дәрі-дәрмектердің жұмсалуының орташа айлық деңгейін есептеуге мүмкіндік береді. Келесі жылдан бастап Бірыңғай дистрибьютордың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жоспарлауға/болжауға деректер беруге көмектесетін ақпараттық-талдамалы жүйесін іске қосу көзделген. Бұл дәрі-дәрмекпен қамтудың дербестендірілген жоспарлау тетігін іске асыруға жол ашады және емханаларды, фармацевтерді дәрі-дәрмектерді басқарудың бағдарламалық құралымен қамтамасыз етеді.

Емделушілерге ыңғайлы болуы үшін емханаларда тегін дәрі-дәрмектердің болуы/болмауы туралы бірыңғай электрондық анықтамалық әзірленуде. Әзірлемені жыл соңына дейін аяқтап, 2019 жылдың басында пайдалануға беру жоспарда бар. Бұл анықтамалық емделушілерге дәрі-дәрмектер туралы барлық деректерді онлайн режимде көруге мүмкіндік береді: медициналық мекеме қандай дәрі-дәрмектерге өтінім берді, дәрі-дәрмектер қашан және қандай көлемде жеткізілді, олардың қазіргі кезде қоймада болуы/болмауы, сондай-ақ, дәрі-дәрмектердің келесі жеткізілімі қашан болатыны туралы ақпараттарды көре алады.

Цифрландыру аясында біз қағаз түріндегі құжат айналымын біржолата тоқтатамыз. Қазіргі уақытта бірыңғай дистрибьютор мен медициналық ұйымдар арасындағы электрондық өзара әрекеттесу жобасы төрт өңірде — Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласында пилот жүзінде іске қосылған. Еліміздің бүкіл аумағы бойынша электронды өзара іс-қимылға көшу жұмыстарын жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

— Сіз бұған дейін қажеттілікті жоспарлау кезінде барлық емделушілерді дербестендірілген есепке алуға көшу жайында айтып өттіңіз. Бұл не үшін қажет әрі ол қандай проблемаларды шешеді?

— Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі диспансерлік науқастардың тізілімін цифрландыру, сондай-ақ ТМККК аясында қамтамасыз етілген аурулардың әрқайсысы бойынша барлық емдеу хаттамаларын цифрландыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Денсаулық сақтауды цифрландыру аясында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйелерін және осы тізілімді интеграциялау жоспарлануда. Емдеуші дәрігердің тағайындауына байланысты біз тағайындалған дәрілерді және олардың санын көре аламыз, сондай-ақ әрбір осындай науқасқа дәрі-дәрмек қажеттілігін болжай аламыз.

— Биыл дәрі-дәрмектерді және медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу шаралары алғаш рет электрондық форматта жүргізіліп жатыр. Электронды сатып алулардың артықшылығы неде?

— Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласына электрондық сатып алуларды енгізу – денсаулық сақтауды цифрландыру аясында іске асырылып жатқан маңызды жоба. Сатып алудың электрондық форматы әкiмшiлiк кедергiлердi жоюға, сатып алу рәсiмдерiнiң ашықтығы мен объективтiлiгiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi, бұл салаға қазақстандықтардың сенiмiн нығайтуға жол ашады. Қағаз тасымалдаушылардағы жұмыстар толықтай тоқтатылады. Сатып алудың электрондық форматында бірыңғай дистрибьютор мен әлеуетті жеткізуші тікелей өзара байланысқа түспейді, бұл сатып алу шаралары кезіндегі сыбайлас жемқорлық қауіптерін азайтады, әлеуетті жеткізушінің де, тендерлік комиссия мүшелерінің де әрбір әрекеті жүйеде электрондық із қалдырады.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу