Заңнамалық өзгерістер шілденің басынан бері 1,8 млн-нан астам адамның базалық зейнетақысын көтеруге жол ашты — ҚР ЕХӘҚМ

Әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөніндегі заң жобасын іске асырудың алғашқы қорытындылары туралы ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова айтып берді.

Шілдеде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды. Оның нормаларының бірі азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар бойынша жұмыс істейтін азаматтардың зейнетақы аударымдарының шарттарына енгізілген өзгерістер болды.  

«Бұл заң жобасы 2018 ж. 1 шілдеден бастап 1,8 млн-нан астам адамның базалық зейнетақысын көтеруге мүмкіндік берді. Қатысу өтіліне байланысты базалық зейнетақының көтермеленген мөлшерлері енгізілді», — деді М. Әбілқасымова.

Заң жобасының екінші басты мақсаты — бала кезінен 1 топтағы мүмкіндіктері шектеулі балаларға күтім жасайтын азаматтарға жәрдемақы беру.

«Бұл Мемлекет басшысының екі үлкен бастамасы болды, оларды бір 1 шілдеден бастап іске асыра бастадық. Шынымен де бұл зейнетақылардың орташа көлемін ұлғайтуға және қиын өмір жағдайындағы азаматтарға қолдау көрсетуге мүмкіндік берді», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Сондай-ақ, М. Әбілқасымова стандартты еңбек шарттары деп аталатын азаматтық-құқықтық сипатағы келісімшарттар жөнінде айтып өтті.

«Бұған дейін бұл нормада олар зейнетақы аударымдарын жасауға құқылы деп айтылатын. Алайда, еңбек нарығында өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мен фрилансерлердің артып жатқанын көріп отырмыз. Бұл тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде орын алып жатқан жағдай», — деді М. Әбілқасымова.

Оның айтуынша, бүгінде жұмыспен қамтудың жаңа икемді формалары пайда болуда. Егер осыған дейін жалдамалы жұмысшыларға баса назар аударылса, ендігі Еңбек кодексінде реттеу шаралары негізінен еңбек шарты арқылы туындайтын қатынастарға бағытталған.

«Еңбек нарығы дамып жатқанын түсінеміз: бұл үйде отырып қашықтан жұмыс істеу, толық емес жұмыс күні, бірнеше жұмысты қоса атқару. Азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар – бұл адамға ыңғайлы форматта қызмет атқаруға мүмкіндік беретін, икемді жұмыспен қамту формасы. Статистика комитетінің деректеріне сәйкес, бүгінде шамамен 126 мың адам ірі және шағын кәсіпорындарда АҚС келісімшарттар бойынша жұмыс істейді», — деп мәлімдеді М. Әбілқасымова, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап бере отырып.

Нарық өсуде, келісімшарт бойынша жұмыс істейтін адамдар саны да артуда. Осыған байланысты жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу туралы шешім қабылданды. Ол ерікті емес, міндетті сипаттағы жүйе. Ол дегеніміз, барлық жалдамалы қызметкерлер, жеке кәсіпкерлер міндетті түрде өз кірістерінің 10% көлемінде аударым жасайды. Бұл лайықты қарттықты қамтамасыз етуге қажетті жеке жинақ.

«Ынтымақты зейнетақы жүйесі қысқарады: 2048 жылы ол толықтай тоқтатылады деген болжам бар. Зейнетақымен қамсыздандырудың екі деңгейі қалады: бұл базалық – барлық азаматтарға арналған мемлекеттік кепілдік берілген зейнетақы, ол ынтымақты зейнетақы жүйесін алмастырады», — деді министр.

Базалық зейнетақы мөлшері өсті. М. Әбілқасымованың айтуынша, міндетті шаралар — тіркеу және еңбек өтілін есепке алу. Базалық зейнетақы өтіл көлеміне байланысты есептеледі. Ресми тіркелген еңбек шарттары болмаған жағдайда (көбіне фрилансерлерге қатысты) базалық зейнетақы мөлшерін есептеуде қиындықтар туындайды. Еңбек өтілі 33 жыл және одан жоғары болған кезде ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 өлшемін құрайтын болады (инфляция деңгейінде үнемі индекстеліп тұрады). Екінші құраушы — жинақтаушы зейнетақы, сондықтан да адамның жеке зейнетақы жинақтары мен салымдарының болуы өте маңызды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу