Б. Сағынтаев Астананың су қауіпсіздігі және сумен жабдықтау мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Астананың су қауіпсіздігі және сумен жабдықтау мәселелері және ҚР-да суармалы егіншілікті дамыту жөнінде кеңес өткізді.  

Жұмыс кеңесі барысында сумен жабдықтаудың резервті көздеріндегі қазіргі жағдай қаралып, қорғаныс бөгетін реконструкциялау, су қоймасының құрылысы, Есіл өзенінің арнасын кеңейту және аршу жұмыстарын аяқтау барысы, сондай-ақ, Астананы Есіл өзенінің тасқын сулары салдарынан су басудан қорғау жөніндегі шаралар кешені талқыланды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, Астанада жыл сайын 90 млн м3 су тұтынылады және экологиялық су жіберу 60 млн м3 құрайды. Жалпы жылдық су тұтыну 150 млн м3 құрайды. Болжамды тұтыну 2020 жылға қарай — 160 млн м3, 2035 жылға қарай — 180 млн м3 деп шамаланған.

Бұдан өзге, Қазақстанда суармалы егіншілікті дамыту мәселесі қаралды. Талқылау барысында мақсатты қаржыландыру, ұлттық компаниялардың қаражатын тарта отырып және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша су үнемдеу технологияларын және тамшылатып суаруды енгізу, мемлекеттік қолдау алушы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді ынталандыру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің суландыру жүйелерін және тамшылатып суаруды құруға жұмсаған шығындарын өтеуге субсидиялау үлесін 70%-ға дейін арттыру мәселелері қозғалды.

Қазіргі таңда республика бойынша суды үнемдейтін суару технологиясының ауданы 183,4 мың гектарды құрайды (тамшылатып суару — 82,85 мың га, жаңбырлату — 100,53 мың га). Суды үнемдейтін суару технологиясының ауданы пайдаланылып жатқан суармалы жерлердің 12,7% құрайды.

Айта кету керек, тапшылатып суару жүйесін енгізу ауыл шаруашылығы дақылдарын тамыр жағынан суландыру арқылы суды 40%-ға дейін үнемдеуге, тыңайтқыштар суару кезінде тікелей тамыр аумағына жіберілетін болғандықтан, олардың санын шамамен 50%-ға қысқартуға, сонымен қатар ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 1,5–3 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Жаңбырлатқыш машиналарды қолдану, өз кезегінде, ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімділігін 1,5–2 есеге ұлғайтуға жол ашады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу