ҚР Үкіметінде астық нарығын тұрақтандыру шаралары қаралды

Еліміздің астық нарығында қалыптасқан жағдай туралы Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов баяндады.

Қайрат Айтуғановтың айтуынша, әлемдік нарықтағы бағалар орташа мерзімдік кезеңде тұрақтанды және олардың арту үдерісі байқалуда. Сонымен бірге, қазақстандық ішкі нарықтағы бағалар биыл, іргелі факторлардың болмауына қарамастан, қыркүйек айынан бастап үлкен диспаритет байқалуда, ішкі нарықта бағалардың екпінді төмендеуі және сұраныстың қысқаруы жүріп жатыр.  
 
Спикер айтып өткендей, басты себептердің бірі Қазақстанмен шекаралас өңірлердегі арзан астықтың артық көлемін қалыптастырған Ресейдегі рекордты астық түсімі болды, сондай-ақ астықты тасымалдауды қамтамасыз ету мәселелері ерекше тәсілді талап етеді.
 
Осыған байланысты астық нарығын тұрақтандыру үшін бірқатар шаралар ұсынылды. Біріншіден, Азық-түлік корпорациясы арқылы 2 млн тоннаға дейін тоннасына ҚҚС қоса алғанда 42 000 теңгемен азықтық бидай сатып алу. Екіншіден, ресейлік астықты әкелуді бақылауды күшейту және ҚҚС төлеусіз оны заңдастыру. Үшіншіден, астықты тиеу үшін вагондарға қатысты мәселені шешу және экспорттық құжаттаманы (сертификаттау және т. б.) барынша кедергісіз рәсімдеуді, оның ішінде астық қолхаттарының ақпараттық  жүйесі мен «ҚТЖ» ҰК ақпараттық жүйесін ықпалдастыру арқылы қамтамасыз ету.

Кайрат Айтуганов

«Аталған шаралар астықтың ішкі нарығын теңдестіруге, қазақстандық фермерлерге әділетті бағаны қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қаржы жағдайын жақсартуға, 2018 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайындықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Қайрат Айтуғанов.

Ұсынылған шаралардың маңыздылығы туралы Қазақстан фермерлері одағының төрағасы Әуезхан Даринов пен бірқатар ірі астық өсіретін облыстардың әкімдері түсініктеме берді.

Мәселені қарауды қорытындылай келе, Премьер-Министр соңғы аптада күн сайын қоғам, қауымдастықтардың өкілдері, барлық мүдделі тараптар, оның ішінде ҚР Ұлттық банкі мәселені қарағанын атап өтті. Нәтижесінде астықты сатып алу бағаларын арттыру туралы шешім қабылданды.   

«Енді сатып алуды жүргізу қажет – бұл ең үлкен жұмыс, ол жылдам және ашық жүргізілуі тиіс», — деп баса айтты Бақытжан Сағынтаев.

Осыған байланысты облыстардың әкімдеріне қоғам, өңірлік кәсіпкерлер палаталар өкілдерінің қатысуымен сатып алу бойынша арнайы штабтар құру тапсырылды. Оның мақсаты — ақшаны жолданушыларға жеткізу.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу