ҚР ИДМ: 2022 жылы ЖІӨ-ге шетелдік инвестициялар жалпы ағынының қатынасы 19%-ға дейін өседі

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығындағы брифингте ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары Лариса Жұмағалиева Қазақстан Республикасының инвестициялық саясатының негізгі бағыттары туралы айтып берді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ақпаратына сәйкес, үш жылдық құлдыраудан кейін 2016 жылы шетелдік инвестициялар ағыны $21 млрд-ты құрап, айтарлықтай өсті. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 41,5% жоғары көрсеткіш. 

«Өсім қарқыны биыл да сақталып отыр. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы ағымы $10,5 млрд құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,6%-ға артық», — деді Лариса Жұмағалиева.

Сонымен қатар, ТШИ жалпы ағынының ең жоғарғы өсімі тау-кен өнеркәсібінде – 2,2 есе, өңдеу өнеркәсібінде – 46,7%, көлік саласында – 10,3% байқалады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ҚР ИДМ Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып, қолайлы инвестициялық ахуал жасау және өңдеуші секторға және оған тиісті қызметтерге бағытталған инвестицияларды тартуды көздейтін Ұлттық инвестициялық стратегияны әзірлеп, қабылдады.

2022 жылға қарай мынадай мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізіледі:

1) ТШИ-дың жалпы ағыны 1,26 есеге артады;

2) 2022 жылы шетелдік инвестициялардың жалпы ағынының ЖІӨ-ге қатынасы 19%-ға дейін ұлғаяды;

3) Тиімділікті арттыруға бағытталған ТШИ (ТШИ-дің өңдеу өнеркәсібіне жалпы ағыны) 1,5 есе ұлғаяды;

4) Экономиканың шикізаттық емес секторының негізгі капиталына инвестициялар көлемі (мемлекеттік бюджетті қоспағанда) 1,46 есеге артады;

5) Экономиканың шикізаттық емес секторының негізгі капиталына сыртқы инвестициялардың көлемі 1,5 есе ұлғаяды.

Сондай-ақ, Лариса Жұмағалиева тиімділікті арттыруға бағытталған, жаңа инвестицияларды тартуға тиімдірек басымдықты салалардың анықталғанын атап өтті.

Бұл салаларды екі топқа бөлуге болады. Біріншісі, тамақ өнеркәсібі, мұнай, газ және пайдалы қазбаларды терең өңдеу (яғни, металлургия, химия және мұнай химиясы), сондай-ақ машина жасау секілді қолданыстағы әлеуеті бар салалар.

Екінші топ — АКТ, туризм және қаржы секілді перспективалық салалар. Бұл топ инвесторлар ұзақ мерзімді келешекте мүдделі болуы мүмкін салалардан тұрады.

Сонымен қатар Стратегияда инвестицияларды тартудың басымдықты елдері анықталған.

«Экономикалық мүмкіндіктерді ескере отырып, әлемнің 36 әлеуетті елі анықталды, оның ішінде 11 ел біз үшін аса басымдыққа ие. Олар: АҚШ, РФ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, ҚХР, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, БАӘ. Бұл басымдықты елдердің әрқайсысымен жұмыс жасау үшін ҚР СІМ-мен бірлесіп, жеке тәсілдеме мен нақты іс-қимылдар жоспары әзірленуде», — деді комитет төрағасының орынбасары.

Өз сөзінде Лариса Жұмағалиева қазіргі таңда министрлік шетелдік инвесторларды, оның ішінде трансұлттық компанияларды ел экономикасына тарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіп жатқанын айтты.

Биыл жалпы құны $13 млрд болатын 34 жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде 12 жоба құрылысы басталды, 20 жобаны іске асыру қолға алынды (құжаттаманы әзірлеу) және 2 жоба бойынша геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу