Ұлт жоспары: судьялар корпусын құрудың жаңа ережелері соттардың жұмысының сапасын арттырады

ҚР Жоғарғы соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында сот корпусын құрудың жаңа ережелерін енгізу нәтижелері туралы айтты. 

Нұрсерік Шәріпов Ұлт жоспарын орындау аясында судья лауазымына үміткерлерді іріктеудің біліктілік талаптары мен тетіктері біршама қатаңдағанын баяндады. Атап айтқанда, психологиялық тестілеу мен полиграфта тексеру енгізілген. Сонымен қатар, судья лауазымына үміткерлер үшін жас шегі 25 жастан 30 жасқа дейін көтерілді, сондай-ақ заңгерлік мамандығы бойынша екі жыл еңбек өтілінің болуы міндеттелді. 

«Биыл жаңа ережелер бойынша 191 үміткер іріктеліп, жергілікті соттардың судьялары лауазымына тағайындалды. Енді судьялар өздерінің біліктіліктерін бір жыл жұмыс істегеннен кейін растайтын болады, және әрбір бес жыл сайын растап отырады. Биыл 140 судьяның кәсіби қызметіне бағалау жүргізілді. 2016 жылы 1220 судьяның жұмысы бағаланды. Судьялар корпусының негізгі бөлігі өзінің кәсіби құзыреттілігін растады», – деді Н. Шәріпов.

Бұдан өзге, Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының жұмысы табысты жүріп жатыр.

«Биыл Академияның 53 тұңғыш түлегі магистр атанды. Сонымен қатар, 2017 жылдан бастап Академия түлектері төрт жыл бойы судья лауазымына конкурстарға қатысуға міндетті болады. Біз оларды арнайы сол үшін даярлаймыз», - деп мәлімдеді спикер.  

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу