Ұлт жоспары: Декларациялауды цифрландыру кедендік бақылаудан өту уақытын едәуір қысқартады

ҚР қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру бойынша ведомствоның жұмысы туралы баяндама жасады.

Р. Бекетаев кедендік және салықтық әкімшіліктендіру, сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына жағдай жасау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады. Осылайша, жаңа Кеден кодексінде декларациялауды цифрландыруға көшу жүзеге асырылады және экспорттық-импорттық операциялар бойынша «Бірыңғай терезе» қағидасы енгізіледі.   

«Егер  қазір құжаттарды рәсімдеу орта есеппен 2 сағатты алса, «Астана-1» жүйесін енгізгеннен кейін кедендік декларациялау жасыл дәліз арқылы автоматты түрде шығарылады», – деп түсіндірді Р. Бекетаев.

Ол экспорттық-импорттық операциялар бойынша «Бірыңғай терезені» 2019 жылдың басынан бастап енгізу жоспарланғанын атап өтті. СЭҚ қатысушысы кедендік тазарту кезінде қолжетімділіктің бірыңғай нүктесі арқылы мемлекеттік органдардың барлық қажетті рұқсаттарын ала алады. Кеденге қағаз түрінде құжаттар ұсыну ендігі қажет болмайды.  

Сондай-ақ, вице-министр «Индустрияландыру және экономикалық өсім» Ұлт жоспарының үшінші бағыты аясында жүргізілген мүлікті заңдастырудың әсері туралы айтып берді.

«2016 жылы мүлікті және ақшалай қаражатты заңдастыру рәсімін табысты аяқтадық. Заңдастыруды 140 мыңнан астам азамат пайдалана алды, ал экономикалық айналымға 5,7 трлн теңге қосылды, олардың ішінде ақшалай қаражат түрінде 4,1 трлн теңге және мүлік түрінде 1,6 трлн теңге», – деп хабарлады Руслан Бекетаев.

Оның айтуынша, 151 мың заңдастырылған жылжымайтын мүлік нысанының 9,5 мың нысаны коммерциялық жылжымайтын мүлік ретінде тіркелген. Бұл мүлікке салық түсімін шамамен жылына 800 млн теңгеге ұлғайтады. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу