Ұлт жоспарын іске асыру аясында Салық және Кеден кодексінің жаңа жобалары әзірленді – ҚР ҰЭМ

ҚР ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов Үкіметтің баспасөз орталығындағы брифинг барысында бизнесті салықтық әкімшіліктендіру мен кеден бақылауын жеңілдету тұрғысынан «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру барысы туралы айтты.

Бірінші вице-министр ҚР ҰЭМ Ұлт жоспары аясында «Индустрияландыру және экономикалық өсім» бағыты бойынша төрт қадамды іске асыруға жауапты екенін айтты. Оның үшеуі салық пен кеден саясатына және біреуі монополияға қарсы жұмыспен байланысты.

Салық төлемдері Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістерінің шамамен 64%-ын құрайды. Салық және кеден саясатын оңтайландыру - сапалы экономикалық өсім мен еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырудың маңызды құрауышы.

Ұлт жоспары аясында аталған бағыт бойынша қолданыстағы салық режимдерін оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр - Салық және Кеден кодекстерінің жаңа жобалары әзірленді. Салық тұрғысынан мемлекет тарапынан бизнесті әкімшіліктендіруді жеңілдету, несиелеуді ынталандыру, сондай-ақ геологиялық барлау жұмыстарына инвестициялар салу көзделген. Сонымен қатар, салық консультанттары институтын, дистанциялық аудит және салық несиелерін енгізу жоспарда бар.  

«Кодекс жобасын әзірлеу жұмысы аяқталды, біз оны осы айда Парламентке ұсынуды жоспарлап, 2018 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі деп көздеп отырмыз», - деді Р. Дәленов.

Кеден бақылауы туралы айтар болсақ, мұнда декларациялау кезінде электронды технологияларды енгізуге, кедендік операцияларды орындау кезінде автоматты ақпараттық жүйелерді қолдануға және бақылаудан өту барысында «бірыңғай терезе» тетіктерін белсенді пайдалануға басымдық беріледі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу