Т. Дүйсенова: Жаңа форматтағы әлеуметтік қолдау көмек алушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Индустрияландыру және экономикалық өсім» үшінші бағытын іске асыру барысы туралы баспасөз конференциясында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қазақстандықтарды әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 84-қадамын іске асыру аясында 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізу арқылы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін реформалау қарастырылған.

Жаңа формат бойынша аз қамтылғандарға арналған қолданыстағы 3 әлеуметтік төлем біріктіріледі. Бұл – төрт немесе одан да көп балалары бар отбасыларға берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек (АӘК).

Жаңа форматтағы АӘК жан басына шаққандағы табысы күнкөрістің ең төмен деңгейінің шамасынан 50%-ға төмен отбасыларға, егер олар отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартына қол қойып, отбасының барлық еңбекке қабілетті мүшесінің жұмысқа міндетті араласуы кезінде берілетін болады.

Егер отбасының еңбекке қабілетті мүшелері болса, онда бұл отбасы әлеуметтік қолдаудың 2 пакетін алатын болады. Біреуі - атаулы әлеуметтік көмек болса, екіншісі -  отбасының еңбекке қабілетті мүшесіне мемлекет қаражатына тегін оқу, шағын несиелер алу мен өзге өңірлерге көшіп, тиісті әлеуметтік пакет бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі.

Осылайша, АӘК-тің жаңа форматын енгізу әлеуметтік көмек алушылардың жауапкершілігін арттыруға, олардың жұмыс іздеу мен өзін-өздері қамтамасыз етуге деген ынталарын күшейтуге, сонымен қатар, аз қамтылған азаматтардың ел экономикасы мен қоғам өміріне араласу деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу