Әскери қызметшілер мен мемлекеттік органдар қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерінің моделін жетілдіруге қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Н.Н. Нұрсипатовтың әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерінің қолданыстағы моделін жетілдіруге қатысты 2019 жылғы 25 маусымдағы сауалына жауап.
Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

2013 жылдан бастап 2017 жылға дейін мұқтаж әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне тұрғын үйді жалдау (жалға алу) үшін мақсатты өтемақыларды көздейтін норма қолданыста болды.

2018 жылдан бастап әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа моделі (2013 жылдан бастап іске қосылған арнаулы мемлекеттік органдардың моделіне ұқсас) іске қосылды, онда тұрғын үй жалдағаны (жалға алғаны) үшін нысаналы өтемақының орнын тұрғын үй төлемдері ауыстырды, оның мөлшері әскери қызметші әскери қызметін атқаратын өңірге байланысты.

Бүгінгі күнде әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінді (2013 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде 460 млрд. теңгеден астам). Осы мақсатқа шығыстар 2019 жылы (129,9 млрд. теңге) 2013 жылдың деңгейімен (14,7 млрд. теңге) салыстырғанда 9 есеге артты.

Көрсетілген шығыстардың ұлғаюына әсер ететін басты факторлар тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері (12,0 мыңнан 99,0 мың адамға дейін) және олардың отбасы мүшелері (31,0 мыңнан 261 мың адамға дейін) санының артуы, сондай-ақ тұрғын үй жалдау бағасының жыл сайынғы өсуі болып табылады, нәтижесінде ол кредиторлық берешектің пайда болуына әкеп соқтырады.

Кредиторлық берешектің пайда болу себептерін анықтау мақсатында Қаржы министрлігі ағымдағы жылдың 15 мамырынан бастап Ішкі істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Қорғаныс министрлігіне көрсетілген мемлекеттік органдардың әскери қызметшілері мен қызметкерлеріне тұрғын үйді жалдау (жалға алу) үшін ақшалай өтемақы мен тұрғын үй төлемдерін төлеу үшін бөлінетін бюджет қаражатын мақсатты пайдалану мәселесі бойынша тексеруді бастады. 

Сіздің ұсынып отырған түзетулеріңіз осы мәселенің әлеуметтік маңыздылығына және әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерінің жағдайын нашарлатуы мүмкін екенін ескере отырып, мүдделі мемлекеттік органдардың жан-жақты қарауын және пысықтауын талап етеді.

Бұл жұмысты Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мемлекет басшысының әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге қатысты тапсырмасы және әзірлеу жоспарланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде жүргізетін болады. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу