Солтүстік Қазақстан облысы М. Жұмабаев ауданында орналасқан «Қарақоға» шекара заставасын қайта атауға қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Б. Смағұлдың Солтүстік Қазақстан облысы М. Жұмабаев ауданында орналасқан «Қарақоға» шекара заставасының атауын «Батыр Баян атындағы шекара заставасы» деп қайта атауға қатысты 2020 жылғы 12 ақпандағы №ДС-39 депутаттық сауалына жауап

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Құрметті Бақытбек Смағұлұлы!

Солтүстік Қазақстан облысы М. Жұмабаев ауданында орналасқан «Қарақоға» шекара заставасының атауын «Батыр Баян атындағы шекара заставасы» деп қайта атау туралы депутаттық сауалыңыз тиісті мемлекеттік органдармен жан-жақты пысықталып, мынаны хабарлаймыз.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ономастика саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Сіздің ұсынысыңызды қолдайтынын білдірді.

Осы ұсынысты жүзеге асыру мақсатында, алдағы уақытта тиісті құжаттар әзірленіп, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігіне және Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылатын болады.

Аталған мәселе бойынша оң қорытынды алынған жағдайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті шешімі қабылданатын болады.

Сонымен қатар, ел тарихында өзіндік орны бар тарихи тұлғаларымыздың бірі Батыр Баянның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында, республика бойынша бірқатар шаралар жүзеге асырылған. Мәселен, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында батырымыздың есімі берілген көшелердің бар екенін қосымша атап өтеміз.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу