Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы «31» тамыздағы № 503 қаулысы

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында дарынды балалардың оқуына ақы төлеу үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының «Өркен» білім беру грантын тағайындау қағидалары мен мөлшерлерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 наурыздағы № 317 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

         1. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында дарынды балалардың оқуына ақы төлеу үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының «Өркен» білім беру грантын тағайындау қағидалары мен мөлшерлерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 наурыздағы № 317 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 15, 113-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

         көрсетілген қаулыменбекітілген «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында дарынды балалардың оқуына ақы төлеу үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының «Өркен» білім беру грантын тағайындау қағидалары мен мөлшерлерінде:

         18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«18. Білім алушы мектептің жарғысында көзделген негіздер бойынша мектептен шығарылған жағдайда, Комиссия оны гранттан айыру туралы мәселені қарауға бастамашылық етеді.»;

21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«21. Гранттың мөлшерлері:

  1. жатақханада тұруды есептемегенде жылына 1 803 464 (бір миллион сегіз жүз үш мың төрт жүз алпыс төрт) теңгені;
  2. жатақханада тұруды есептегенде жылына 2 744 094 (екі миллион жеті жүз қырық төрт мың тоқсан төрт) теңгені құрайды.

         Гранттың мөлшерлері жыл сайын индекстеуге жатады.».

2. Осы қаулы 2016 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін 1-тармақтың үшінші және төртінші абзацтарын қоспағанда, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі             К. Мәсімов

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу