Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 27 маусымдағы №713 Қаулысы

Жеңіл дистилляттарды және өнімдерді, керосинді, газойлдарды және өзге мұнай өнімдерін әкетуге уақытша тыйым салуды енгізу туралы

 

2008 жылғы 25 қаңтардағы Үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары туралы келісімнің 9-бабына, 2009 жылғы

9 маусымдағы Үшінші елдерге қатысты бірыңғай кедендік аумақта тауарлардың сыртқы саудасын қозғайтын шараларды енгізу және қолдану тәртібі туралы келісімнің 8-бабына және 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес мұнай өнімдерінің ішкі нарығында мүлдем жетіспеушілікті және бағаның өсуін болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. 1.Тұрмыстық пеш отынынан басқа, жеңіл дистилляттар мен өнімдерді (КО СЭҚ ТН коды 2710 12), орташа дистилляттарды, керосиндi, газойлдарды, дизель отынын (КО СЭҚ ТН коды 2710 19 110 0 - 2710 12 480 0, 2710 20 110 0 – 2710 20 190 0), мотор майларын (КО СЭҚ ТН коды 2710 19 820 0), гидравликалық мақсаттарға арналған сұйықтарды (КО СЭҚ ТН коды 2710
    19 840 0), ақшырайлы майларды (КО СЭҚ ТН коды 2710 19 860 0), тегершік үшін майлар (КО СЭҚ ТН коды 2710 19 880 0), электр изоляциялық майларды
    (КО СЭҚ ТН коды 2710 19 940 0) және өзге де мұнай өнiмдерiн (КО СЭҚ ТН коды 2710 20 900 0) әкетуге алты ай мерзiмге тыйым салынсын.

2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулының 1-тармағының орындалуы бойынша бақылауды қамтамасыз етсін.

3. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (келісім бойынша) заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулының 1-тармағын іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.

4. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі белгіленген тәртіппен:

1) осы қаулының 1-тармағында көрсетілген тыйым салудың енгізілгендігі туралы Еуразиялық экономикалық комиссияны хабардар етсін;

2) Еуразиялық экономикалық комиссияның қарауына осы қаулының
1-тармағында көрсетілген шараларды Кеден одағына қатысушы басқа мемлекеттердің қолдануы туралы ұсыныстар енгізсін.

5. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі осы қаулы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайтын сыртқы сауда қызметін реттеу жөніндегі шаралар туралы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетінің Хатшылығын хабардар етсін.

6. Осы қаулы 2014 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі                          К. Мәсімов

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу