Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 22 мамырдағы №340 Қаулысы

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 шілдедегі № 597 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 шілдедегі № 597 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беру қағидаларында:

6-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Комиссия уәкілетті органның, орталық мемлекеттік органдардың өкілдерінен, ғалымдардан, шығармашыл қызметкерлерден, қоғам қайраткерлерінен, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелерінен, Президенттік жастар кадр резервіне алынған адамдардан құрылады.»;

9-тармақта:

2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«2) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алуға арналған тіркеу өтінімі;

мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:

«5-1) банктік шоттың болуы туралы анықтаманың көшірмесі;»;

15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«15. Сыйлыққа ие болған адамдарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі, диплом, төсбелгі және ақшалай сыйақы тапсырылады.»;

16-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

«Уәкілетті орган тиісті жылдың жиырмасыншы желтоқсанынан кешіктірілмейтін мерзімде ақшалай сыйлықақыны сыйлық лауреатының банктік шотына аударады.»;

көрсетілген қағидаларға қосымша осы қаулыға қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының   Премьер-Министрі   А. Мамин

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу