Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 19 қаңтардағы №20 қаулысы

«Қазақстан Республикасы аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 23 қарашадағы № 1749 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. «Қазақстан Республикасы аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 23 қарашадағы
    № 1749 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының уақыт пен жиіліктің мемлекеттік бастапқы эталоны ұдайы жүргізетін, сақтайтын әрі беретін уақытты есептеу сағаттық белдеулердің халықаралық жүйесі бойынша жүргізіледі деп белгіленсін.»;

3 және 3-1-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында 5-ші сағаттық белдеу қолданылады.

3-1. Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері 2024 жылғы
29 ақпаннан 2024 жылғы 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағат артқа ауыстырсын.».

2.   Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі халықты Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы хабардар етсін.

3.   Осы қаулының қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізілетін
2-тармағын қоспағанда, осы қаулы 2024 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                                              Ә. Смайылов

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу