Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы «18» наурыздағы № 151 қаулысы

Шетелдегi дипломатиялық қызмет персоналының еңбек шарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 6 қаңтардағы № 23 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Шетелдегi дипломатиялық қызмет персоналының еңбек шарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы                          6 қаңтардағы № 23 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., №3, 22-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген шетелдегі дипломатиялық қызмет персоналының еңбек шарттарында:

2-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

«Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет персоналының бірге баратын отбасы мүшелерінің құрамы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің (бұдан әрі – Министр) бұйрығымен және осы шарттардың    40-тармағына сәйкес берілетін есеп айырысу аттестатымен айқындалады.»;

3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын лауазымды адамдарды қоспағанда, шетелде дипломатиялық қызмет персоналын қызметке тағайындау, қызметтен босату және өзге де лауазымдық орын ауыстыру Министрдің шешiмдерi негiзiнде жүзеге асырылады.»;

4-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

«Жол жүру билетін ауыстырған немесе қайтарған кезде айыппұлдар немесе өзге де алымдар, егер қайтару Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің (бұдан әрі – министрлік) хатының негізінде жүргізілген жағдайда, қажеттілігі болған кезде растайтын құжаттарды қоса бере отырып, өтеледі.»;

5-тармақ мынадай мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылсын:

«Жолжүгі дипломатиялық қызмет персоналынан бөлек жеткізілген жағдайда, жолжүкті жеткізу құны дипломатиялық қызмет персоналы және оның отбасы мүшелері сапар шегетін көліктегі жүкті тасымалдау тарифтерінен аспауы тиіс.

Дипломатиялық қызмет персоналы шетелдегі мекемелерден іс жүзінде қайтып оралғаннан кейін жолжүкті жіберу бойынша шығыстар өтелмейді.»;

11-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

«Дипломатиялық қызмет персоналы министрліктен Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесіне іссапарға жіберілген кезде оның отбасы мүшелері шет мемлекетке Қазақстан Республикасынан тыс мемлекеттен жол жүрген жағдайда, отбасы мүшелерінің көрсетілген жол жүру шығыстары Қазақстан Республикасынан шет мемлекетке жол жүру құнынан аспайтын нақты шығыстар бойынша өтеледі.»;

14-тармақтың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

«14. Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiне жұмысқа жiберiлген дипломатиялық қызмет персоналының жалақысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесiп өткен күнiнен бастап (қызметке тағайындалған күнi) дипломатиялық қызмет персоналының іссапардан министрлікке қайтарылған не сыртқы ротация шеңберінде басқа шетелдегі мекемеге ауысқан кезде болу мемлекетінің Мемлекеттік шекарасын кесіп өту күнінің алдыңғы күніне дейін (қызметтен босатылған күн) төленедi және белгіленген ақшалай үстемеақыны ескере отырып, ұлттық валютадағы лауазымдық жалақысы мен шетелдiк валютадағы лауазымдық жалақысы негiзінде белгiленедi. Дипломатиялық қызмет персоналы іссапардан министрлікке қайтарылған не сыртқы ротация шеңберінде басқа шетелдегі мекемеге ауысқан кезде болу мемлекетінің Мемлекеттік шекарасын кесіп өту күніне жалақы төленбейді.

Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiне жұмысқа жiберiлген дипломатиялық қызмет персоналының ұлттық валютадағы лауазымдық жалақысы министрліктің орталық аппараты қызметкерлерiнiң теңестiрiлген қызметтерi бойынша жалақысының 25 пайызы мөлшерiнде белгіленген ақшалай төлемдерiмен белгіленедi.»;

21-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Жыл сайынғы ақы төленетін кезекті еңбек демалысына шыққан кезде шетелде жұмыс iстейтiн дипломатиялық қызмет персоналына күнтізбелік жылда бір рет министрлiкте иеленген соңғы қызметi бойынша лауазымдық жалақысының екi еселенген мөлшерiнде сауықтыру жәрдемақысы төленедi. Егер дипломатиялық қызмет персоналы шетелде жұмыс iстеу алдында министрлiкте қызмет атқармаса, оған сауықтыруға арналған жәрдемақы министрлiктің орталық аппаратындағы персоналдың қызметiне теңестірiлген қызмет бойынша лауазымдық жалақы негізге алынып есептеледi.»;

22-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«22. Жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысын өткiзу үшiн Қазақстан Республикасына жол жүрген кезде дипломатиялық қызмет персоналына және оның отбасы мүшелерiне шетелдегi жұмыс орнынан Қазақстан Республикасының аумағындағы алғашқы межеленген пунктке дейiнгi жолақысының құны және Қазақстан Республикасының аумағындағы соңғы жөнелту пунктінен шетелдегi жұмыс орнына дейiн керi қайту жолақысының құны, жолжүгін тасымалдау және тұрғын үй-жайды жалға алу бойынша шығыстарды қоспағанда, осы шарттардың 4-тармағында белгiленген нормалар бойынша күнтiзбелiк жылда бiр рет төленедi.»;

23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«23. Дипломатиялық қызмет персоналы Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесіне жұмысқа жіберілген кезде не дипломатиялық қызмет персоналы сыртқы ротация шеңберінде шетелден министрлікке жұмысқа қайтып оралған кезде жаңа жұмыс орны бойынша жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы алдыңғы жұмыс орнында жұмыс жасаған уақыты мен пайдаланылған еңбек демалысының ұзақтығы ескеріліп беріледі.

Дипломатиялық қызмет персоналы ротация процесінен тыс жағдайда қызметтен босатылған кезде оған пайдаланылмаған жыл сайынғы ақысы төленетін еңбек демалысы үшiн өтемақы төлемі төленедi.»;

26-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

«Дипломатиялық қызмет персоналын Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесіне Қазақстан Республикасының басқа шетелдегі мекемесінен жұмысқа жіберген кезде алдыңғы шетелдегі мекемеде жұмыс жасаған мерзіміне қарамастан бір жолғы жәрдемақы қайтадан төленбейді.»;

28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«28. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес айқындалатын отбасының бір мүшесі қайтыс болған жағдайда, дипломатиялық қызмет персоналына министрлiктің қаражаты есебiнен Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған мөлшерде бiр жолғы ақшалай жәрдемақы, сондай-ақ осы шарттардың               4-тармағында белгiленген тәртiппен барар және қайтар жолға көлiктiк шығыстардың төлемi ұлттық валютада төленедi.»;

32-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

«Шетелде жұмыс істеген кезеңде дипломатиялық қызмет персоналы мен олардың отбасы мүшелерін медициналық қамсыздандыру шығыстары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің тізбесіне сәйкес министрлік Қазақстан Республикасының әрбір шетелдегі мекемесі үшін белгілеген шығыстар лимитінің шектерінде медициналық сақтандыру, болу еліндегі медициналық мекемелерімен шарттар жасасу не медициналық көмек үшін нақты өтініш жасау жолымен жүзеге асырылады.

Медициналық қамсыздандыру шығыстары белгiленген нормалардан асып кеткен жағдайда олар дипломатиялық қызмет персоналының жеке қаражаты есебiнен өтелуге тиiс.»;

мынадай мазмұндағы 32-1-тармақпен толықтырылсын:

«32-1. Шетелде жұмыс істеген кезеңде дипломатиялық қызмет персоналының балаларына мектепке дейінгі тәрбие беру және оларды оқыту, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта бiлiм беру шығыстары министрлік Қазақстан Республикасының әрбір шетелдегі мекемесі үшін белгілеген шығыстар лимитінің шектерінде жүзеге асырылады.

Мектепке дейінгі тәрбие беру және оларды оқыту, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта бiлiм беру шығыстары белгiленген нормалардан асып кеткен жағдайда олар дипломатиялық қызмет персоналының жеке қаражаты есебiнен өтелуге тиiс.»;

34-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Шет мемлекеттiң аумағы бойынша жол жүрген уақытында дипломатиялық қызмет персоналына Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілерінде тиісті мемлекетке қызметтік іссапарлар үшiн белгiленген нормалар бойынша төлқұжаттағы мемлекеттік шекарадан өту жөніндегі мөртабандар негізінде немесе бір шет мемлекеті шеңберіндегі іссапарлар кезінде немесе мемлекеттік шекарада төлқұжаттық бақылау болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекеме басшысының бұйрығы негізінде тәулікақы, сондай-ақ тұру шығыстарын растайтын құжаттар негізінде тұрғын үй-жайды жалға алу бойынша шығыстар шетелдiк валютада өтеледi.»;

35-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

«Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің персоналы Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері жоқ шет мемлекеттерге, сондай-ақ болу мемлекетінің шеңберінде іссапарға жіберілген кезде автокөлікті жалдауға жұмсалған (қабылдаушы тарап автокөлік ұсынған жағдайды қоспағанда) және байланыс шығыстарын өтеу рұқсат етіледі.»;

40-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Есеп айырысу аттестатында дипломатиялық қызмет персоналының лауазымы, бірге баратын отбасы мүшелерiнiң құрамы, төлемақы нормалары, бағыттары, дипломатиялық қызмет персоналының межелі және баратын орны, оның алатын барлық ақшалай төлемдерi көрсетiледi.».

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі                                  К. Мәсімов

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу