16 Сәуір 2014, 11:09
Шекаралық белдеудің, карантиндік белдеудің және шекаралық аймақтың шектерін белгілеу туралы
2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жеркодексінің 120-бабына және «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы»2013 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан РеспубликасыныңЗаңы 55-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Мынадай:
1) Мемлекеттік шекараға шектесіп жатқан:
Қытай Халық Республикасымен – ені екі мың метр;
Ресей Федерациясымен, Қырғыз Республикасымен, Өзбекстан Республикасымен және Түрікменстанмен – ені жүз метр;
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі тікелей Мемлекеттік шекараның бойында инженерлік құрылыстар мен бөгеуіштердің шебін жабдықтаған көрсетілген учаскелерде көрсетілген шептің шекарасына дейінгі шекаралық белдеудің;
2) ені елу метрге дейін, бірақ отыз метрден кем емес шекаралық белдеу шегіндегі карантиндік белдеудің;
3) мынадай:
Қытай Халық Республикасымен – шекаралық белдеуге тікелей шектесіп жатқан Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктерінің (аудандары) аумақтары шегіндегі;
Ресей Федерациясымен, Қырғыз Республикасымен, Өзбекстан Республикасымен және Түрікменстанмен – шекаралық белдеуге тікелей шектесіп жатқан Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктері аумағының жиырма бес километр шегіндегі;
Каспий теңізінің жағалауы бойынша – жағалаудың құмды қайраңына тікелей шектесіп жатқан аумағының жиырма бес километр шегіндегі шекаралық аймақтың шектері белгіленсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы»
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 30 маусымдағы № 552 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1993 ж., № 25, 306-құжат);
2) «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету мен қорғауды қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 22 шілдедегі № 771 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 31, 409-құжат) 1, 4-тармақтары;
3) «Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне өзгертулер енгізу және күшi жойылған деп тану туралы»
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1996 жылғы 17 мамырдағы № 609 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдеріне енгізілетін өзгертулердің (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 28, 190-құжат) 3-тармағы.
3.Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу