225 мыңнан аса қазақстандық медбике мен орта медперсоналдың жалақысы 30%-ға өседі — ҚР ДСМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының съезінде берген тапсырмаларын денсаулық сақтау саласында орындау мәселесі қаралды. Алға қойылған міндеттерді орындау бойынша жұмыс тәсілдері туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндады.  

Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, биыл 1 шілдеден бастап жалақысы төмен барлық медбикелер мен кіші медициналық персоналдың жалақысы 30%-ға көтерілетін болады. Оған қоса, жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша дәрігерлердің де жалақысы ұлғайтылады. Осылайша, орта медициналық персоналдың еңбекақысы 76 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін, кіші персоналдың жалақысы 48 мың теңгеден 63 мың теңгеге дейін өседі.

«Осылайша, 225 мыңнан аса медбике мен орта медперсонал және 29 мыңнан аса дәрігердің жалақысы ұлғайтылатын болады», — деді Е. Біртанов.

ҚР ДСМ деректері бойынша, медициналық-санитариялық алғашқы көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2021 жылға дейін 595 мекеме салу жоспарлануда. Оның 577-і ауылдық елді мекенде және 18-і калаларда орналасатын болады, Осылайша, 2021 жылға дейін медициналық-санитариялық алғашқы көмектің шағын нысандары салынып, әр мекемеге келетін учаскенің саны 20-дан 10-ға дейін қысқарады. Осы мекемелердің салынуына бөлінетін қаржының шамамен 42% мемлекеттік-жекеменшік әріптестік есебінен болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес медициналық-санитариялық алғашқы көмекті қаржыландыруды кезең-кезеңмен 20%-ға арттыру жоспарланған. Соның нәтижесінде, аталған бағыттарды қаржыландыру 2,3 есе өседі және 2022 жылға қарай 936 млрд теңгені құрайды.

Бұдан өзге, денсаулық сақтау шығыстары вакциналармен қамту, негізгі аурулардың скрининг түрлерін кеңейту және халықтың денсаулық сақтау мен салауатты өмір салты мәселелері бойынша хабардарлығын арттыру мақсатында екі есеге артады. Осылайша жалпы практика дәрігерінің рөлі күшейтіліп, негізгі аурулардан госпитальдау 30%-ға төмендетіледі, онкологиялық ауруларды ерте анықтау жоғарылайды, сонымен қатар вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулар деңгейі төмендетілетін болады.

Жалпы, денсаулық сақтау саласын дамытуға 120 млрд теңге бөлінеді, еліміздің 7 өңірінде 10 денсаулық сақтау нысаны салынады. Бұл жыл сайын 100 мыңға жуық науқасқа жаңа ауруханаларда емделуге мүмкіндік береді.

Бұған қоса, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 56 тозған ауруханаға қосымша 15 ірі аурухана салынады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу