29%-ға жуық қазақстандық дене шынықтырумен және спортпен айналысады — ҚР МСМ

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты дене шынықтырумен айналысуға тарту және спорттық инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыс барысы талқыланды.

Мәдениет және спорт министрлігінің алдына қойылған басты міндеттердің бірі – Елбасының Қазақстан халықына арнаған Жолдауларында атап көрсетілгендей 2020 жылға қарай отандастарымыздың 30 пайызын дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылдануын қамтамасыз ету болып табылады.

Үкімет мүшелері алдында Халықты дене шынықтырумен айналысуға тарту және спорттық инфрақұрылымды дамыту туралы есеп берген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы алға қойылған міндеттерді іске асыру жұмыстарының нәтижесінде 2017 жылы халықтың 28,7% дене шынықтырумен және спортпен қаматамасыз етілгенін атап өтті. Бұл дене шынықтыру және спорт қозғалысына 5 млн 204 мың адамның қатысқандығын куәландырады. 2016 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1,3%-ға ұлғайды.

«2018 жылдың 1 жарты жылдығы бойынша Салауатты өмір салты орталығымен бірлесіп 28 мыңдай, оның ішінде ауылды жерлерде 15 мыңдай спорттық-бұқаралық іс-шара мен спорттық акциялар өткізілді. Оларға барлығы 3 млн-нан астам адам қатысты», — деп атап өтті А. Мұхамедиұлы.

Мәдениет және спорт министрінің мәліметінше, бұқаралық спорттың маңызды құрамдас бөлігінің бірі деп салалық Заңмен енгізілген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы тестілерін тапсыруды айтуға болады. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша аталған Тестілерді тапсыруға барлығы 4 млн 939 мың адам қатысты. Соның ішінде 74 мың адам Президенттік деңгей нормативтерін, 244 мың адам ұлттық деңгейдегі нормативтерді, 371 мыңы жалпы бастапқы деңгей нормативтерін орындады.

Елбасының тапсырмасын орындау шеңберінде әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамытуға аса көңіл бөлінеді. Қазіргі таңда жалпы білім беретін мектептерде бұқаралық спорт түрлерінен 791 мыңнан аса оқушы спорттық секция сабақтарымен қамтылған.

«Студенттік спорттың даму жағдайына көше отырып, Білім және ғылым министрлігімен бірлескен жұмыс нәтижесінде қазір республиканың 128 жоғары оқу орындарында 189 мың студент (білім алушылардың жалпы санынан 45,8 %) шұғылданады. 766 колледжде 280 мыңнан аса білім алушы спортпен шұғылданады», — деп атап өтті Мәдениет және спорт министрі.

Мектеп жасындағы балалар арасында тұрғылықты жері бойынша дене шынықтыру-сауықтыру жұмысын қамтамасыз ету мақсатында қосымша білім беру мекемелері, оның ішінде 537 балалар-жасөспірімдер клубтары, 96 балалар-жасөспірімдер дене дайындығы клубтары жұмыс жасауда.

Спортпен айналысатын денсаулық мүмкіндіктері шектеулі жандарға барынша жағдайлар жасалып жатыр. 2009 жылдан бері дене шынықтыру және спортпен айналысушылардың үлесі 4%-дан 10,7%-ға дейін өсті.

 «Олардың спорттық дамуы үшін спорттық клубтар, спорт мектептері және олардағы бөлімдер жұмыс істеп жатыр. Биыл Қазақстандағы тұңғыш халықаралық деңгейдегі мамандандырылған Паралимпиадалық жаттығу орталығы пайдалануға берілді. Бұл жаңа жаттығу орталығының ерекшелігі мұнда тек паралимпиадашылар ғана емес, кез келген мүмкіндігі шектеулі жандар үшін спорттық жаттығулар жасауға болады», — деді А. Мұхамедиұлы.

Мәдениет және спорт министрінің айтуынша, елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Ұлттық спорт түрлерімен айналысушылардың үлесі 2013 жылғы 5,9%-дан 2016 жылы 6,6%-ға өсті.

«Баршаға мәлім, дене шынықтырумен халықты қамту спорт инфрақұрылымының бар болуына тәуелді. Елімізде 11,3 мың спорт ғимараттары қызмет етеді және олардың саны 2016 жылмен салыстырғанда 6,3% астамға көбейді. Олардың ішінде 9,3 мыңы спорт мектептерін қоса алғанда білім обьектілеріне, ал 2 мыңы дене шынықтыру–спорт обьектілеріне жатады. Жыл басынан бері еліміздің өңірлерінде жергілікті бюджет және демеушілер қаражаты есебінен 18 дене шынықтыру–сауықтыру кешендерінің құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта облыстарда 20-дан астам кешенде құрылыс жұмыстары жүргізілуде», — деді А. Мұхамедиұлы.

Өңірлерде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында әр түрлі кезеңдерде 48 жоба іске асырылып жатыр, бұл жаңа экономикалық жағдайда спорт инфрақұрылымын дамытуда қосымша мүмкіндіктерді ұсынады. Сонымен қатар, дене шынықтыру–спорттық мақсатындағы объектілерді салу бойынша жұмыстар жүргізілуде, олардың қатарында: Щучинсктегі Республикалық шаңғы базасының құрылысын аяқтау жобасы бар. Шаңғы трамплиндер кешені әлемдегі соңғы үлгідегі ғимараттардың бірі болып табылады. Сондай-ақғ Олимпиадалық даярлау орталығының құрылыс жұмыстары(Астана қ.), Алматы облысындағы Республикалық олимпиадалық даярлау базасының құрылысы, Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласындағы «Республикалық мамандандырылған олимпиадалық қор мектеп-интернат-колледжі» РММ 300 орындық оқу корпусының құрылысы және т.б. жүргізіліп жатыр.

А. Мұхамедиұлының айтуынша, Министрлік қызметінде нормативтік құқықтық базаны жетілдіруге маңызды орын беріледі, осы жұмыстың шеңберінде 27 нормативтік құқықтық актінің қабылдануы қамтамасыз етілді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленді. Заң жобасының негізгі мақсаты — қолданыстағы дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнаманы жетілдіру.

«Заң жобасының негізгі бағыттары – допингке қарсы қағидаларды бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктерді күшейту, Ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін күшейту, Сурдлимпиада комитетінің мәртебесін арттыру. Сондай-ақ допингті қолданғаны үшін бұрын берілген барлық көтермелеулер мен төлемдерден айыру көзделген. Бұдан өзге, Заң жобасындағы маңызды жаңалық – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалатын дене шынықтыру және спорт саласындағы демеушілік көмекті көрсету бойынша саясатты іске асыратын Бірыңғай оператор құру болып табылады», — деді мәдениет және спорт министрі.

Сонымен қатар, Министрлік «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірледі. Бұл заң жобасының негізгі бағыттарының бірі — спортты дамытуды қосымша бюджеттен тыс қаржыландыру үшін ойын бизнесі саласындағы міндетті төлемдер.

Бұдан өзге, мәселені қарау барысында Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаевтың және Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгіновтың баяндамалары тыңдалды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу